«700 мың теңге бермесең, видеоңды таратамын»: Бопсалаушылар қолға түсті
Ақтөбеде тұрғындарды бопсалаумен айналысқан күдіктілер ұсталды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Жедел іс-шаралар жүргізу барысында Ақтөбе облысында полиция қызметкерлері өңір тұрғындарынан ақша бопсалаумен айналысқан екі күдіктіні анықтады.
Хромтау қаласында жаттықтырушы жігіт өзімен бұрын таныс болған кен орны қызметкерін кездестіріп, одан еш себепсіз жарты миллион теңге талап еткен. Жәбірленушіні ол сұраған ақшасын бермесе, өмірін қиятынын айтып бопсалаған.
Екінші жағдайда Ақтөбе қаласының тұрғыны өзінің бұрынғы танысын интимдік сипаттағы бейнежазбамен бопсалаған. Күдікті ер адам өзі бұрын жақын қарым-қатынаста болған әйелден 700 мың теңге көлемінде ақша талап еткен. Бұл соманы бермеген жағдайда жәбірленушінің интимдік сипаттағы бейнежазбаларын оның жақындары мен таныстарына тарататынын айтып қорқытқан.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жүргізген арнайы операция барысында екі ер адамды да жәбірленушілерден ақша алу кезінде ұстады. Қазіргі таңда ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бопсалау дерегі бойынша (ҚР ҚК 194-бабы) қозғалған қылмыстық істер аясында сотқа дейінгі-тергеп тексеру жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі BAQ.KZ сауалына берген жауабында.
Қылмыстық заңнамаға сәйкес, мұндай қылмыс үшін мүлкі тәркілене отырып, 4 жылдан басталатын бас бостандығынан айыруға дейін жазалануы мүмкін.
Қаз
Рус






