"Жата берсін, шіріп" 16 жастағы студентті терезеден түсуге мәжбүрлеген оқиғаға қатысты сот басталды

1 500

Фото: Марқұмның туыстары ұсынғанАқтөбеде колледж жатақханасында болған қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Айыптау материалдарына сәйкес, 21 жастағы төртінші курс студенті 16 жастағы Нұрбақыт Бақытты түнде дүкенге бару үшін жатақхананың төртінші қабатындағы терезеден түсуге мәжбүрлеген, - деп хабарлайды   Opennews.kz  ақпарат агенттігі. 

Жасөспірім төменге түсіп бара жатқанда құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер оның өмірі үшін 42 күн бойы күрескенімен, ол ауруханада көз жұмды.

Оқиға 29 сәуірде Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің жатақханасында болған. Сол түні бір бөлмеде 16 жастағы үш студент смартфонмен ойын ойнап отырған. Осы кезде бөлмеге төртінші курс студенті Мәди Сүгербай кіріп, жасөспірімдердің бірін темекі іздеуге жұмсаған. Алайда ол ештеңе таппай оралған.

Кейін Сүгербай тамақ жегісі келетінін айтып, сол жасөспірімді дүкенге жібермек болған. Бірақ жатақханада ұйықтау уақыты жарияланып, есіктер құлыпталғандықтан, ол дүкенге шығудан бас тартқан.

Айыптау дерегінше, сонда Сүгербай 16 жастағы Нұрбақытты төртінші қабаттағы терезеден түсіп, дүкенге баруға мәжбүрлеген. Оған екі мың теңге мен азық-түлік салатын қара сөмке берген. Жасөспірімді төмен түсіру үшін студенттер бес төсек жапқышты бір-біріне байлаған.

Бастапқыда Нұрбақыт терезеден түсуге қорыққан. Онымен бірге болған студенттердің бірі оған бас тартуға болатынын айтып, қайтадан бөлмеге кіруіне көмектескен. Алайда айыптау нұсқасы бойынша, сол кезде бөлмеге қайта келген Сүгербай жасөспірімді асықтырған. Осыдан кейін Нұрбақыт төменге түсетін болған.

Жасөспірім үшінші және төртінші қабаттың арасында төмен түсіп бара жатқанда төсек жапқыштан ұстана алмай, жерге құлаған. Бөлмедегі студенттер төсек жапқышты ұстап қалған.

Балалар тәрбиешіні шақырып, полицияға хабар берген. Жедел жәрдем келгенше жанында болған құрдастары Нұрбақытқа алғашқы көмек көрсетуге тырысқан. Ал айыптау материалдарында Сүгербайдың зардап шеккен жасөспірімге қатысты "жата берсін, шіріп" деген сөз айтқаны және басқа студенттерден полицияға Нұрбақыт өзі түсті деп өтірік айтуды сұрағаны көрсетілген.

Жасөспірім ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оның өмірі үшін күрескен. Алайда ауыр жарақат алғаннан кейін 42-күні көз жұмған.

Қазір Мәди Сүгербайға Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған. Ол Қылмыстық кодекстің 119-бабы (Зардап шеккен адамды қауіпті жағдайда қалдырды) және 104-бап (Абайсызда адам өліміне себеп болды) деп айыпталып отыр. Алайда сотталушы тағылған айыптарды мойындамады.

Жатақханадағы әлімжеттік деректері де айтылды

Сот отырысында колледж жатақханасындағы студенттер арасындағы әлімжеттік жағдайлары да белгілі болған. Куәлік берген жасөспірімдердің айтуынша, жоғары курс студенттері жаңадан келгендерді қорқытып, ұрып-соққан. Бірін аяқкиім сөресінен алынған темір түтікпен ұрса, енді бірін суық қарумен, жұдырықпен және шапалақпен соққан.

Алайда жасөспірімдер бұл туралы ешкімге шағымданбаған. Олардың сөзінше, шағымданған жағдайда "шыдамсыз" немесе "сөз тасушы" атанудан қорыққан.

Сотта Мәди Сүгербайдың бұған дейін де басқа студенттерді ұрғаны үшін жатақханадан шығарылғаны айтылды. Кейін ол қайта оралып, сол жерде тұра бастаған.

Оқиғадан кейін колледж жатақханасында студенттерді бөлек орналастыру туралы шешім қабылданған. Қазір бірінші курс студенттері екінші қабатта, ал жоғары курс студенттері үшінші қабатта тұрады. Кіру есіктері де бөлінген.Марқұмның анасы колледж басшылығын да жауапқа тартуды талап етті

Нұрбақыттың анасы Құлайым Қолова болған жағдайға жатақхана мен колледж басшылығы да жауап беруі керек деп есептейді. Оның айтуынша, оқу орнында студенттердің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілмеген.

"Оларды жауапқа тартқым келеді. Мұнда студенттердің қауіпсіздігіне кепілдік жоқ, тәртіп те жоқ деп есептеймін. Балам өмір үшін күресіп жатқанда, тәрбиешілердің бірінен балаларға неге қарамағанын сұрадық. Ол “Бізді соттаса, соттай берсін, біз ұйықтап жатқанбыз” деп жауап берді. Жауапкершілік қайда? Мен баламды соларға сеніп тапсырдым", – дейді марқұмның анасы.

Оның сөзінше, колледж директоры отбасымен кездесіп, көңіл айтпаған. Анасына директордың денсаулығына байланысты келе алмағанын айтқан. Ал басқа педагогтер отбасыға көмектесіп, Нұрбақытты соңғы сапарға шығарып салуға қатысқан.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.