Енді еліміздегі дәмхана мен мейрамханада қай әннің қанша рет қойылғаны есептеледі

1 500

Фото: Opennews.kz ЖИҚазақстандағы дәмханалар мен мейрамханаларда енді қандай әннің қанша рет орындалғаны есепке алынады. Келесі жылдан бастап қоғамдық тамақтану орындары QazCopyright бірыңғай цифрлық платформасына қосылады. Жаңа жүйе авторлық құқықтың сақталуын қадағалап, әншілер мен сазгерлерге тиесілі қаламақыны әділ бөлуге мүмкіндік береді, - деп  Opennews.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Авторлардың еңбекақысын нақты есептеуге арналған цифрлық платформа биыл іске қосылды. Қазір жүйе телеарналар мен радиоларды, театрлар мен кинотеатрларды қамтып отыр. Енді оған караоке, дәмхана және басқа да қоғамдық орындар қосылады. Қаңтардан бастап мұндай мекемелерде қойылған музыка да тіркеледі.

Әндерді анықтау үшін арнайы құрылғылар қолданылуы мүмкін. Олар Shazam қосымшасы сияқты әуенді танып, оның атауы мен орындалу жиілігі туралы ақпаратты платформаға жібереді. Алғашқы кезеңде еліміз бойынша 500-ге жуық мекемені жүйеге қосу жоспарланып отыр.

“Біз мекемелерді сегіз ірі және 20 шағын санатқа бөліп қарастырамыз. Мысалы, алғашқы екі санатқа негізгі қызметі музыкамен байланысты дискотека мен караоке сияқты орындар кіреді. Ал үшінші және төртінші санатқа дәмханалар мен қонақ үйлерді жатқыздық. Осы жіктеуге сәйкес авторларға төленетін сыйақы мөлшері анықталады”, – деді “Ұлттық зияткерлік меншік институты” ШЖҚ РМК директоры  Сәбит Ахметов.

Жаңа жүйе музыканың пайдаланылуын қолмен есептеп, мекемелерді аралап тексеру қажеттігін азайтпақ. Бұған дейін институт өкілдері дәмханалар мен басқа да орындарға барып, қандай әндердің қойылғанын өздері тіркеп келген.

“Авторлар платформаға тіркелген кезде шығарманың өзіне тиесілі екенін растауы және банк шотын көрсетуі керек. Осыдан кейін қаламақысын алып отырады. Сонымен қатар туындысының қанша рет орындалғанын да көре алады. Алдағы уақытта жүйенің ауқымын кеңейтуді жоспарлап отырмыз”, – деді Әділет министрлігі Ұлттық зияткерлік меншік институты директорының орынбасары Ләззат Өтешова. 

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.