Бейтаныс ер адам лифттен шығып бара жатқан қызды теуіп жіберген
Қазақстандық әйел өзіне бейтаныс ер адамның лифт ішінде соңынан еріп, әдепсіз әрекет жасағанын айтқан,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Аталған жағдайға байланысты полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп, іс сотқа дейін жеткен. Әйелдің айтуынша, оқиға тұрғын үй кешендерінің бірінде болған. Кейін ол бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарап, көлікте отырған бейтаныс ер адамның әдейі оның соңынан еріп, лифтке дейін барғанын байқаған. Әйел ер адамның лифтіге кіргеннен кейін өзін ыңғайсыз жағдайға қалдырғанын айтқан.
«Лифтіге жеткенде оны мүлдем танымадым. Алаңсыз тұрдым, ол кіріп үлгерсін деп лифт есігін ұстап тұрдым. Ол лифтідегі батырмаларды агрессивті түрде басып, қолы маған тиіп кетті. Кейін мені ұстай бастады. Ол маған екі рет қол тигізді. Мен оған: “Маған тиіспеңізші”, – дедім. Осыдан кейін ол әдейі менің артымда тұрып, менің шығуымды күтті. Кейін мені теуіп жіберді», – деп жазды қазақстандық әйел.
Әйелдің сөзінше, оқиғадан кейін ол бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарап, ер адамның оның соңынан әдейі ерген болуы мүмкін екенін анықтаған. Осыдан кейін ол полицияға жүгінген. Оқиғаға қатысты Астана қаласы полиция департаментінің Нұра ауданы полиция басқармасының қызметкерлері түсініктеме берген.
Полиция мәліметінше, жүргізілген тексеру барысында құқық бұзушының жеке басы анықталған. Оған қатысты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің тиісті бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Іс материалдары мәні бойынша шешім қабылдау үшін сотқа жолданған. Құқық бұзушының кінәсі мен оған қандай жаза қолданылатынын сот анықтайды. Полиция азаматтарды қоғамдық орындарда тәртіп сақтап, өзге адамдардың ар-намысы мен жеке басына қол сұқпауға шақырады.
Қаз
Рус






