Тегін ART Sport үйірмелері жабыла ма?

2 227
Бүгін облыс әкімдігі мекемесінің алдына  «ART Sport» бағдарламасы бойынша балаларға тегін спорт және өнер үйірмелерін ашқан мемлекеттік тапсырысты орындаушы кәсіпкерлер наразылық білдірді, - деп хабарлайды  Opennews.kz  ақпарат агенттігі.

Естеріңізге сала кетсек, балаларға арналған тегін клубтар бағдарламасының өзі 2020 жылы жұмыс істей бастады. Ал, «Балалар жылы» аясында бала құқығын қорғау жөніндегі уәкілі, қоғам белсендісі Аружан Саинның бастамасымен, тегін үйірмелер негізінде «Art Sport» бағдарламасы еңгізілген болатын.  Президентіміздің қолдауымен үкімет тарапынан қаржыландырылатын жоба көп балалы, аз қамтылған, тіпті балаларды дамытуға ақша жұмсай алмайтын отбасылар үшін қуанышты хабар болатын. 

Алайда, көктемнің басталуы көптеген ата-аналар мен балаларды қынжылтты, «Қызылорда облысының Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы» ММ облыстағы барлық балалар орталықтарына ресми хат жолдады. 

Мемлекеттік тапсырыс бойынша шығармашылық үйірмелерін қаржыландыру үшін облысымызға жыл бойына 301 242 000,00 теңге бөлінген. Алайда, бір жылдық қаржының 2 айда игеріліп, 3-ші айда төлем көлеміне жетіспеушілігі орын алған. Расында жылдық қаржының екі айда талан-таражға түсіп, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпегендігіне кім кепіл? Жыл басынан бері қаламыздың өзінде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтарша көбейіп кеткен аталмыш үйірмелерді қадағалау кімнің құзырына қалдырылды? 

Олай деуге басты себеп баласын үйірмеге жетелеп алып барған аналарымыздың бірі


«Қызымды би үйірмесіне алып барған едім, бірақ басқа үйірмеден тіркеуде тұр деп қабылдамады. Бұл қалай болғаны мен бұрын соңды еш жерге тіркеуге қоймаған қызымды, ән айтуға жазылғандығына таңқалдым »,- деді Ақтолқын.


Бүгінде әкімдік бюджеті жеткіліксіз болғандықтан, бағдарлама жабылу қаупінде тұр. Мемлекеттік «ART Sport» бағдарламасында қызмет көрсетушілер деп аталған жеке кәсіпкерлер миллиондап шығынға батқандығын жеткізіп әлек. 




Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл бағдарламаның шикілігі көп екендігін аңғаруға болады. Бірі қаржы жетіспеушілігінен тарығып жатса, енді бірі зәулім ғимараттарды жалға алып, тіркеуден өтсе де бала басын тіркей алмай отыр. Осыншама қаржы құйған орталықтар енді қаржыландыру тоқтатылған жағдайда орталықтар жабылып қалу қаупі бар екендігін айтты.


«Қала орталығынан 2 бірдей  «Алтын Адам» спорт және өнер мектебін ашқан болатынбыз. 20 дан астам білікті де білімді ұстаздарымыз бар осы күнге дейін жеткен жетістігімізде жетерлік. Жергілікті билік берілген қаржыны 2 айда игеріп, қалған 9 айда қалай қаржыландырмақшы. Оның үстіне 59 қызмет көрсетушіге қаржы таба алмай отырған билік 200 адамның кәсіпкерлік ашуына рұқсат бергенін түсіне алмадым. Осындай орын алған кемшілікті облыс әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлы назарға алсын», - деді Перизат Болатқызы.


Осы орайда, облыс әкімдігіне жиналған кәсіпкерлермен жүздескен өткен «Қызылорда облысының Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы» ММ басшының міндетін атқарушы:


«Алдағы уақытта наурыз айының шығынын өтеу үшін әрбір кәсіпкердің айма-ай мемлекет тарапынан берілетін қаражаттың 35% өтелетін болады. Бірақ сәуір айынан бастап  облыстық бюджеттен қаржы сұралуда.  Үйірме ашуға рұқсат алған кәсіпкерлер үшін бала тіркеу мүмкіндігі қолжетімсіз. Себебі ваучердің биыл ашылмайтындығын жеткіземін. Біз көрсетіліп жатқан қызмет тоқтатылсын дегеніміз жоқ» , -деді Жеткерұлы Ержан.

Алайда, жылдық бюджетке қатысты қиындықтар басқа аймақтарда туындап отыр. Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан секілді ірі қалаларымызда да бөлінген бір жылдық қаржының жетіспеушілігінен кәсіпкерлер зардап шегіп отыр.
Айтпақшы, кәсіпкер демекші дайын асқа тік қасық болғандар да жоқ емес. Олай дейтініміз тіпті бір үйірмелерде маңдайшасы болса да қара құлыпы шаң басқан күйі тұрғандардың бар екендігін де ата-аналар атап өткен болатын. Сонымен қатар,


«Менің ұлым бастауышпен қоштасу үшін сынып оқушыларына би үйрету керек болатын. Содан үйірме иесімен сөйлескен жайымыз бар. Сондағы басты талап, «кемі 15 бала әкеп тіркетіңіз. Басқа жерде тіркеуде болмасын, құжаттарын түгел әкелесіз, содан кейін тегін үйретіп береміз» деп шығарып салған»,- деді Айнұр Жақып.

Десек те, балаларымыздың қуанышы ұзаққа созылмағандығы өкінішті. Осындай салғырттықтан бір емес, бірнеше дарынды балаға құлқынын ойлаған кәсіпкердің кесірі тиіп жатыр. Ал, кәсіп ашып, өз ісін дөңгелетіп халық  батасын алып, балаларды биік белестерге жетелегендер әкімдіктің табалдырығын қашанға дейін тоздырып жүрмек?
 
 
Айгерім РАХЫМЖАНҚЫЗЫ