МІНБЕРДЕ ЖАСТАР...

228

Фото: Қызылорда облыс әкімдігіҚызылордада Облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жастарды тыңдау мен қолдау мақсатында «Мінбер» алаңы ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Жастарды толғандырған тақырыптар, жастар саясатын тиімді жүргізу, қордаланған мәселелердің шешімін табуы «Мінбердің» алаңында талқыланды.

Шараға облыстық жастар маслихаты, жастар орталықтары мен аудандық жастар ұйымдары, түрлі сала өкілдері қатысып, белсенді атсалысты. Соңғы кезде ел жастарының түрлі мәселелеріне мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, қордаланған дүниелер біртіндіп шешімін тауып отыр. Жастарға қатысты толғандырған тақырыптардың жалаң күйде қалмай, жауапты салалардың тікелей қатысумен шешімін табуы – алдымен мемлекеттің, одан кейін жастардың тікелей мүддесінде. Себебі жастар қай заманда, қай ғасырда болмасын, қоғамдық өмірдің ең белсенді мүшелері саналған. Әрбір елдің даму көкжиегін, мәдени-рухани келбетін, арман-аңсарын, талпынған мақсат-мұратын белгілі бір дәрежеде сол елдің жастарына қарап та бағамдауға, бағалауға болады. Дүние көшіне қазақ дейтін іргелі елдің ілесіп, егемен ел атанып, өзге елдермен иық теңестіре, қатарласа қадам басу жолында ұлтымыздың ұпайы түгел болуы үшін жастар мәселесіне де көңіл қойып, назар тіктеп, зер сала қарайтын шақ туды. Себебі бұл тақырыпта шым-шымдап толғандыратын шиыршық атқан сауалдар да жоқ емес. Осы мақсатта ұйымдастырылған жастарды тыңдау алаңына жиналған жастар еркін ой алмасып, ашық пікірлесті. 
Шараға Облыстық мәслихаттың депутаты Аида Әбибуллаева, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры Жандос Базартай, Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Руслан Қаюпов, «Әділдік жолы» РҚБ Қызылорда облысы филиалының басшысы Ляззат Бақтыбаева, Шахматтан әлем чемпиондарын дайындап жүрген Бибінұр Өткелбай, Қызылорда қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Әліби Басаров, Ақтілек Темірбекұлы, «Кітап құрттары» бірлестігінің басшысы Талғат Меңдібаев, әлеуметтік желі белсендісі Жасұлан Жакупов, Жасұлан Алдабергенов сынды жастар жанашырлары мен зиялы қауым өкілдері өз ұсыныс-пікірлерін айтып, ой бөлісті. Шахматшы Бибінұр Өткелбай қазіргі таңда әр мектепте шахмат сыныптары ашылып, интеллектуалды спорт түріне үлкен мүмкіндік жасалып жатқанын айтты. Сонымен бірге Жастар орталығын алдағы уақытта бірге жұмыс жасауға мүдделестік танытуға шақырды. 
Шара соңында қатысушыларға тимбилдинг ұйымдастырылып, бір-бірін жақын тануға, араласуға мүмкіндік берілді.