Қақтығыс мамырда аяқталуы мүмкін - Украина президентінің кеңесшісі

278
Киевте Украинадағы қақтығыс аяқталуы мүмкін мерзім аталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Алексей Арестович Ресей мен Украина арасындағы бітімгершілік келісімге бір-екі апта ішінде қолжеткізу мүмкін екенін мәлімдеді.

Журналист Марк Фейгиннің YouTube-арнасындағы эфирде Алексей Арестович мамыр - ресейлік және украин тараптары арасында келісім жасаудың соңғы мерзімі екенін айтты. Эфирді бірқатар украин БАҚ өкілдері жариялаған.

"Менің ойымша, мамырдың басынан кешікпей, мамырдың басында бітімгершілік келісімге қолжеткізуіміз мүмкін. Одан да ертерек болуы мүмкін. Көреміз, мен ең соңғы мерзімді аламын. Қазір немесе бір-екі аптаның ішінде әскерді шығарумен қатар, бітімгершілік келісім болады, қалғанының бәрі ... немесе жақын арада келісеміз - бір-екі апта немесе мамырдың аяғына дейін, кезекті соғыс әрекетінен кейін", - деді Арестович.

Бейбітшілік келісімнен кейін де шағын тактикалық қақтығыстар бір жылға созылуы мүмкін, деді Арестович, дегенмен Украина Ресей әскерін өз территориясынан толық шығаруды талап етіп отыр.

Бұл ретте Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәселеге қатысты пікір білдіре отырып, Ресейдің Украинадағы арнайы операциясының аяқталу мерзімдері жарияланбағанын айтты.

Сонымен қатар, Песков Ресей президенті Владимир Путиннің операция барысына көңілі тола ма деген нақтылау сұрағына жауап бермеді. Оның айтуынша, Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы жоспарға сай және мерзімінде және толық көлемде аяқталады.

Мәскеу мен Киев арасындағы келіссөздердің төртінші раунды бейнеконференцбайланыс арқылы өтті. Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляктың айтуынша, 15 наурызға дейін техникалық үзіліс жасалған.