Қызылордада ішкілікке құмар жандардың саны артуда

396
Облысымызда 6000 жуық азамат ішімдікке салынып, есепке алынған,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.


Қазақстанда ащы суға тәуелділер қатары көбейе бастаған. Биыл 89 мыңнан астам азамат ішімдікке салынып, есепке алынса, Ал аймағымызда 5923 азаматтың тіркелгені белгілі болды. Бұл ресми ақпарат десек тіркелмегендер саны қанша екендігі беймәлім. Елдегі ерлердің алкогольге тәуелділігі 9,52 пайыз болса, әйелдерде 1,48 пайызды құрайды. Арақ өндірісі біздің елде өткен жылы 60,3 пайызға артқан. Ащы суға ақша жұмсаудан да біздің ел көш бастап тұр.
 
Ащы судың кесірінен тентіреп кеткендер мен сот шешімі арқылы мәжбүрлі емделуге жүгінгендер де жетерлік. Ішімдік ішемін деп арынан да, қолдағы барынан да айырылып жатырғандар да бар. «Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығы» ШЖҚ КМК мекемесінде бүгінде емделушілердің саны жыл санап артып келеді. Ішкі Істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, биыл олардың қатары көбейіпті. Орталық 190 төсек  орынға жабдықталған болса, бүгінде 114 азамат тұрақты ем қабылдауда.  Оның ішінде 110 ер азамат, 4 әйел кісі бар.
 
Бүгінгі таңда өңірдегі орталықта мәжбүрлі емдеуге 70 төсек орынды екі еріксіз емдеу бөлімшесі бар. Наркологиялық дертке шалдыққан науқастарды 3 этапты оңалту емдеу шарасынан тұрады.Орталық әкімшілігі араққұмарлықпен, нашақорлықпен емделуге түскен науқастарды медициналық-әлеуметтік оңалту шараларымен қамту мақсатында, жыл аяғына дейін 3-ші кезеңдегі медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшесін ашу жоспарлап отыр, – деді Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Әділбай Медетбаев.

 
«Спирттің сойылымен тағдырын талқан еткендердің психикасы бұзылады» дейді психолог дәрігерлер. Сәл қиындық көрсе, жұбанышын араққа, есірткіге айырбастай салуды ойлайды. Үзіліссіз тұтынудың арты – тәуелділікке дұшар етеді.


Ал, қазірде ішкілікке салынып, өзін тоқтата алмайтындардың легі көбеймесе, азаймайтыны да ақиқат. Әлемдегі ең актуалды проблемаға әлі ешбір ел нүкте қойған емес. Қанша  жерден тырысса да, ішімдікке қарсы сан түрлі акциялар өткізілсе де олардың нәпсілерімен күресу өздерінен басқа ешкімнің қолынан келмейтіні  де рас.


Ал, ең сорақысы ішкілікке тәуелді жандардың есепке алынбағандар арасында дәріханалық этил спиртіне тәуелділіктің басым болуы. Жұртшылық ем-дом үшін қолданатын бұл сұйықтыққа  сұраныс соңғы кездері күрт артып кеткен. Провизорлардың бірі мұның себебін өңірде күн райының салқындауы мен ауру-сырқаудың көбеюіне байланысты деп отыр. Ал, кейбірі үй-күйсіз қаңғыбастардың талап әкететінін де жасырмады. Расында аймақтағы кейбір дәріханалардың басым көпшілігінде этил спиртінің тапшылығы байқалады. Дәріхана қызметкерлері этил спиртіне тым жиі тапсырыс беріп жатқандарын айтады. Өйткені сұраныс тым көп. Былтырғы жылдың осы мезгілімен салыстырғанда алушылар қатары айтарлықтай артқан. Ащы судың бағасы қаншалықты қымбаттаса да ішкілік іздеген жан үшін қиындық тудырмасы анық
.