"Жарты қаланы аралап 250 теңге табамыз"

531


Петропавлда Яндекс такси жүргізушілері бас көтерді, - деп хабарлайды  Opennews.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Айлық табысымыз жүз мың теңгеге де жетпейді деген такси жүргізушілері өз талаптарын Яндекс такси қызметінің басшылығына жеткізу үшін жиналған. Жүзге жуық жүргізуші бірінші ақпаннан бастап такси үшін қызмет құнын төмендетіп тастағанға қарсы. Сөздерінше, такси қызметі төмендеп кеткендіктен табыстары екі есеге азайған.

“Біздің талабымызды "Яндекс такси" қызметі естісе екен дейміз. Ең төменгі тарифті 250 теңгеге дейін түсірді. Бұл баға он жыл бұрын болған. Ал қазір бензиннен бастап бәрі екі есе қымбаттаған”, дейді такси жүргізушілері Анастасия Бенцлер. 


Жиналғандар такси қызметінің құнын өсіруді немесе пайыздық үстемеақыны төмендетуді талап етеді. Өйткені жүргізушілер күн сайынғы табысымыздың 18 пайызын Яндекс такси қызметі ұстап қалады дейді. Яғни, күніне он мың теңгеге жетер- жетпес кірісіміздің 60 пайызын такси қызметі мен бензинге жұмсаймыз. Ал қолымызда қалатыны бес мың теңгеге де жетпейді деп қынжылады. 


“Мен таңғы 7-ден кешкі 11-12-ге дейін істеймін. Сондағы таза табысым 5 мың теңге шамасында ғана. Біз кейде жарты қаланы аралап, клиентті 4 аялдамаға жеткізу үшін 250 теңге ғана аламыз. Бұл ақылға қонымсыз дүние”, – дейді такси жүргізушісі Роман Казак. 


Жүргізушілер "Яндекс такси" талабымызды ескермесе жұмыс істеуден бас тартамыз дейді. Бірақ олардың талабын тыңдауға компаниядан жауапты ешкім келмеді. Есесіне шұғыл жеткен полиция қызметкерлері жиналғандарды "заңсыз жиын ұйымдастырмаңдар" деп тарқатып жіберді. Ал компанияның баспасөз қызметі ешкім оларға шағымданбағанын, ал такси қызметі бұрынғыдай жұмыс істеп тұрғанын айтады.


“Бізге жүргізушілер қандай да бір талаптарымен шағым білдірген жоқ. Біз ол жиналған азаматтардың біздің қызметке қосылған немесе қосылмағанын білмейміз. Бүгін Петропавлдағы сервис күнделікті жұмыс істеп жатыр. Ал соңғы жылдары жүргізушілердің табысы өсті. Қазір жүргізушілер орта есеппен сағатына 1500 теңге таза табыс табады”, – дейді “Яндекс такси” баспасөз қызметі.

Яндекс такси қызметіне тұрғындардың шағымы да көбейген. Жарты ай бұрын осыған байланысты Бәсекелестікті қорғау мен дамыту агенттігі компания қызметіне қатысты тексерісті бастаған. Оның нәтижелері бір айдан кейін ғана жарияланады екен.