Алматы брендін дамыту үшін 196,5 млн теңге БАҚ-тарға жұмсалуда

2 060

Фото: М.ЗолотухинАлматының брендін дамыту үшін 196,5 млн теңге қаржы жұмсалуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Protenge Telegram арнасына сілтеме жасап.



Шартқа сәйкес тендерді ұтып алған азамат жыл соңына дейін Қазақстандағы 20 ірі БАҚ-та 116,9 млн теңгеге 195 жағымды мақала жариялауы, 30 миллион теңгеге танымал пабликтерде 50 материал салуы, 10 млн теңгеге журналистер мен блогерлер үшін 10 брифинг өткізуі тиіс.


“Біз Алматының брендін дамытуымыз керек пе? Әрине. Бірақ бізді алаңдататын нәрсе: әкімдікке бір мақтау мақаласының құны қай басылымда жарияланатынына қарамастан, 632 046 теңгеге айналып отыр (бірақ жарнаманың бағасы бұқаралық ақпарат құралдарында әртүрлі). Құжатта мердігер бір мақала үшін 200 мың теңге төлей алатыны, ал ол үшін әкімдіктен үш есе көп қаражат алатыны жазылған”, – делінген жазбада. 


Осы дерекке қатысты Алматының туризм басқармасы түсінік беріп, трендті бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде дамыту халықаралық туристерді тартудың ең тиімді әдісі екенін айтады. 


“Бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар бұқаралық санаға әсер етіп, қаланы туристік дестинация ретінде көрсетуге, жағымды әсер қалыптастыруға және туристердің үлкен ағынын тартуға, нәтижесінде кәсіпкерлікті ынталандыру және жаңа жұмыс орындарын құру арқылы экономиканы дамытуға мүмкіндік береді”, – дейді басқармадан. 


Басқарма туристік саланы дамытудың елішілік әсері халықтың саяхат мәдениетін қалыптастыруға, туған өлкенің тарихына және мәдениетіне баулуға, ұлттық бірлікті және жалпы мәдени құндылықтарды нығайтуға ықпал ететінін жеткізді. 


“Әлемдік тәжірибе ең табысты туристік дестинация жарнамаға белсенді инвестиция салатынын көрсетеді. Алматы қаласы Туризм басқармасының маркетингтік бюджеті жақын маңдағы бәсекелес қалаларға қарағанда 11 есе аз. Ресми мәліметтер бойынша, Ташкентті дамытуға жыл сайын 30 миллион АҚШ доллары, Бакуге – 46 миллион АҚШ доллары, Тбилисиге – 60 миллион АҚШ доллары бөлінеді. Бұл ретте Австралияда, БАӘ, Израильде және т.б. елдерде туризмді дамытуға туризмнен түсетін барлық табыстың 0,2% - дан 4,34%-ға дейін бөлінетінін айта кетейік”, – делінген хабарламада.