Қармақшылық кәсіпкер сүт өнімдерін өндіруде
Қармақшылық кәсіпкер сүт өнімдерін өндіруде, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Осы біз уақытты босқа өткізіп жүрген жоқпыз ба? Дайынға жүгіреміз деп қаражат үнемдеуден алыстап кетпедік пе? Қайбір істің алдымен берекесін тілейтін үлкеннен кейінгі буын қандай өнеге алып жүр? Ал жастарымыз берекені қалай түсінеді? Ол жайындағы әңгімені Жосалы кентінің тұрғыны Анафия Ниязбаев пен Марияш Шахантайқызының отбасында өрбітеміз.
Кейіпкеріміз Марияш Алипова қарапайым жан. Арнаулы педагогикалық білімі бар әпкеміз Диірментөбеде мектепте мұғалім, балабақшада тәрбиеші болып еңбек еткен. Бірнеше жыл бұрын отбасымен Жосалы кентіне көшіп келеді. Малдың жайы мен күтіміне қолайлы болған соң отағасы «Мөлтек» ықшам ауданынан үй көтеріп, бүгінде осында тұрып жатқан жайы бар.
Әңгіме басында жанұяның берекесі туралы сөз қозғаған едік. «Ер азамат Отанның қорғаны болса, әйел – отбасының ұйытқысы әрі берекесін келтіруші» дейді бесаспап ана. Атап айтарлығы М.Шахантайқызы қоныс ауыстырғалы бері жұмыс іздеп, шарқ ұрмапты. Ауылда тұрған кезінде жұмыспен бірге күніне екі мезгіл сегіз сиыр сауып, қосымша нәпақасын тапқан. Оның тазалығы мен адал еңбегін бағалағандар «Марияштың фирмасы» деп әзіл-шыны аралас ат қойған-ды. Өнім демекші, оның қолынан шыққан құрт-ірімшік пен айран-қатық, сары майға деген сұраныс қай кезде де жоғары. Екі сиырды үлгіртіп, тұрақты тапсырыс берушінің өтінішін қанағаттандыруға барын салады. Ол үшін заттың көлемі емес, сапасы басты назарда. Қайбір өнімін де баптай білетін шебердің алдымен тазалықты сүйетінін ауылдастары жарыса айтады.
Көпшіліктен еститініміз, ағарған дайындауда әркімнің өз тәсілі болады. Біз де ерінбей дастарқанымызды ұлттық мәзірмен толтыруға үлесін қосып жүрген жаннан өз әдісін сұрадық.
Марияштың айтуынша, құрттың түсі ақ болуы тиіс. Айран іріп, майы дұрыс алынса – құрт аппақ болмақ.
Кейде дүкен, базарда «кішкене бөбектің» көлемінен де кішкене келетін құртты 60 теңгеге сатып тұрғанын байқаймыз. «Апыр-ай, неге сонша қымбат» деген ой келеді сондайда. Екінің бірінің келілеп алуға шамасы келмейтінін білетін дүкен иесі осындай қадамға барды ма дейсіз? Бір жағынан сатып алып, сатқан бағаның шығандап тұратынына көнеміз де. Үндеместен керегімізді алып, жөнімізге кете барамыз. «Бұл ұят дүние» дейді Марияш Алипова. Мұндайда ең дұрысы – өзің мал ұстап, тірлігіңді үлгірту. Себебі әр азаматтың тапқан табысын ысырап етпей, ұқсата білу – әйелдің жұмысы. Биязы мінезі һәм берекелі қолымен айналасын алғыспен қоршаған ананың қазіргі тіршілігі осылай жайнап тұр.