Бұрынғы қызын аңдыған жігіт 15 тәулікке қамауға алынған
21 жастағы жігіт бұрынғы қызын аңдып, балағаттап, қорқытып жүрген. Жігіт ұсақ бұзақылық үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Енді ол сталкинг фактісі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Астана соттарының мәліметінше, таяуда Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 2004 жылы туған Бекзат Мұратбековке қатысты әкімшілік хаттама қаралған.
"Жаңа жыл қарсаңында ол тұрғын үйдің ауласында таныс қызға айқайлап, көпшілік көзінше бейәдеп сөздер айтып, ар-намысына тиген. Қыз болған жағдайды ата-анасына айтып, кейін полицияға жүгінген. Тексеру барысында Бекзаттың соңғы үш ай бойы өзін агрессивті әрі тұрақсыз ұстағаны анықталды. Ол қызғанышпен түрлі жанжал шығарып, мессенджерлер арқылы қорлайтын хабарламалар жіберіп, қызға жұмсаған ақшасын қайтаруды талап еткен", – делінген хабарламада.
Кейін жігіт кешірім сұрап, түзелуге уәде бергенімен, біраз уақыттан соң жағдай қайта қайталанып отырған. Қорқыту мен жанжал үдей түскен. Тіпті өзін прокуратурада жұмыс істеймін деп таныстырып, қызды түрмеге отырғызамын деп қорқытқан. Алайда мәліметтің жалған екені анықталған. Мұндай әрекеттердің басты себебі қызғаныш болған.
Осылайша, судья Қарлығаш Жақыпбекова Бекзат Мұратбековті ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 15 тәулікке қамау туралы шешім шығарған. Сондай-ақ қорғау нұсқамасына сәйкес, оған бір жыл бойы жәбірленушіге жақындауға тыйым салған. Сот Астана қаласының полиция департаментіне жеке қаулы жолдап, Бекзат Мұратбековтің әрекеттеріне қосымша құқықтық баға беруді тапсырған. Судьяның пікірінше, оның іс-әрекеттерінде Қылмыстық кодекстің 115-бабында (Қорқыту) көзделген сталкинг белгілері бар.







