Интернет арқылы есірткі сатумен айналысқан ірі қылмыстық іс әшкереленді
Ақтөбе облысында интернет арқылы есірткі сатумен айналысқан ірі қылмыстық желінің қызметі әшкереленіп, толық жойылды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақарат агенттігі azattyq-ruhy.kz сайтына сілтеме жасап.
Telegram мессенджері арқылы жұмыс істеген ұйымдасқан топтың 6 мүшесі 15 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылған. Қылмыстық схема жүйелі түрде құрылып, «Telegram» мессенджері арқылы жүзеге асырылған және «контактісіз сату» қағидаты бойынша жұмыс істеген. Тапсырыстар қашықтан қабылданып, төлемдер «дропперлер» деп аталатын тұлғалардың банктік карталары арқылы жүргізілген, бұл қылмыскерлерге ұзақ уақыт бойы өздерінің заңсыз әрекеттерін жасырып келуге мүмкіндік берген.
«Жедел-тергеу іс-шаралары мен ақша қаражатының қозғалысын талдау нәтижесінде қылмыстық топтың қатысушылары Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Ақтөбе облыстарының аумағында, сондай-ақ Астана қаласында анықталып, ұсталған. Барлығы ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында болған 6 адам ұсталды. Заңсыз айналымнан 10 кг астам психотроптық заттар тәркіленген.
Осы дерек бойынша өткен жылдың қыркүйек айында Ақтөбе облысының арнайы прокурорлары «Qymyz shop» интернет-дүкені арқылы еліміздің аумағында психотроптық заттарды өткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық істі тергеп-тексеруді аяқтаған. Құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысының нәтижесінде интернет-есірткі дүкенінің қызметі толық әшкереленіп, жойылды. Тергеу қорытындысы бойынша қылмыстық іс сотқа жолданған.
2026 жылғы 16 наурызда Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың 6 қатысушысы кінәлі деп танылып, 15 жылдан 17 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды», – делінген прокуратура хабарламасында.







