Басқаның қоқысы үшін 432 мың теңге айыппұл төлейсің

1 505

Фото;PinterestҚазақстанда енді үйдің маңындағы басқа қоқыс үшін де жауапкершілік күшейді. Жаңа ережеге сәйкес, меншік иелері ауласынан тыс бес метрлік аумақтың тазалығына жауап береді, ал айыппұл көлемі 432 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін, - деп хабарлайды Opennews.kz  ақпарат агенттігі.

2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда елді мекендерді абаттандырудың жаңартылған ережелері күшіне енді. Енді жеке тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандардың иелері өз аумағын ғана емес, ғимарат немесе қоршау айналасындағы 5 метрге дейінгі іргелес аумақтың тазалығына да жауап береді.

Жаңа талаптарға сәйкес, осы аумақта қоқыс, құрылыс материалдары, отын, тыңайтқыш, тіркемелер немесе ұзақ уақыт тұрған көліктерді қалдыруға болмайды. Құм, қиыршық тас, отын сияқты материалдар әкелінсе, оларды мүмкіндігінше тез арада өз жер теліміне кіргізу қажет.

Сонымен қатар меншік иелері:

іргелес аумақты тұрақты түрде тазалауға;

арамшөптерді шабуға;

қыста қар мен мұзды тазартуға;

қоршау мен қасбетті күтіп ұстауға;

үйдің нөмірлік белгісін орнатып, оның сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.Құрылыс қалдықтарын тұрмыстық қоқыс контейнерлеріне тастауға немесе үй маңында қалдыруға тыйым салынады. Мұндай қалдықтарды арнайы орындарға өздігінен шығару қажет.

Айыппұл мөлшері:

жеке тұлғаларға – 20 айлық есептік көрсеткіш (86 500 теңге);

шағын бизнес пен коммерциялық емес ұйымдарға – 30 айлық есептік көрсеткіш (129 750 теңге);

орта бизнеске – 40 айлық есептік көрсеткіш (173 000 теңге);

ірі бизнеске – 100 айлық есептік көрсеткіш (432 500 теңге).

Бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса, жаза қатаңдатылады.

Егер қоқысты басқа біреу үйдің жанына тастап кетсе де, ол меншік иесінің жауапкершілік аймағында орналасса, оны тазалау міндеті үй иесіне жүктеледі. Ал көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында бұл міндет ОСИ немесе басқарушы компанияларға тиесілі.

Жаңа ережелер өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 3 маусымдағы №282 бұйрығымен бекітіліп, 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап бүкіл ел аумағында қолданысқа енгізілді.