Депутат Қазыбек Иса: "Қазақстан футбол құрамасына бөлінген 133 миллиардқа кемінде 133 мектеп салуға болар еді"

411

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса жуырда өткен әлем чемпионатына іріктеуде Қазақстан футбол құрамасының Франциядан 0:8 есебімен жеңілгенін айтып, сынап тастады, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, премьер-лигадағы 370 футболшының 150-і – легионерлер. Оған бірінші лигадағы 16 футболшыны қосса, барлығы 166 легионер болады.

"Футбол федерациясының бас хатшысы біз бюджеттен қаражат алмаймыз, 200 миллион теңге ғана алдық деп жауап берді. Ал жеңілістің себебі жақсы футболшылардың тапшылығы дейді. Федерация бюджеттен көп ақша алмаймыз дейді, бірақ миллиардтарды осы федерацияға кіретін кәсіпқой клубтар облыс әкімдіктері арқылы алып жатыр. Соңғы үш жылда облыстық әкімдіктердің кәсіпқой клубтарға бөлген қаржысының өзі аз емес – 111, 2 миллиард. Ал федерацияға республикалық бюджеттен, УЕФА-дан, Самұрық-Қазынадан, демеушілер бөлген қаржыны қосар болсақ, оның есебі жоқ. Өйткені ресми мәлімет жоқ. Ал transfermarkt.com сайтында 133 миллиард деп көрсетілген", –  дейді Қазыбек Иса вице-премьер Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында.

Қазыбек Иса "гол салмайтын, тек халық қазынасына қол салатын футболшыларға миллиардтарды босқа шашуды тоқтататын уақыт жетті" деп санайды.

"Халық қазынасы қазақ футболын дамытуға емес, шетел футболшыларын байытуға жұмсалып жатыр. Қазақстан 30 жылда бір ғана стадион салса, бізден футбол бюджеті екі есе аз Өзбекстан он стадион салған. ФИФА рейтингісі бойынша Қазақстан 125-орында, ал ТМД бойынша футбол бюджеті ең аз Қырғызстан 96-орында. Бразилияға алақайлап жіберген 78 балақайдың бірде-біреуі қазір футбол ойнамайды. Есепсіз миллиардтарды далаға шашамыз, бірақ гол жоқ. Ал ауылдарда қаржы тапшылығынан жол жоқ. Футболға халықтың қыруар қаржысын Франциядағыдай әлемге масқара болу үшін құйып отырмыз ба? Футболға бөлінген 133 миллиардқа кемінде 133 мектеп салуға болар еді", - деп ашынды мәжілісмен.

Сол себепті "Ақ жол" фракциясы футбол клубтарын жекешелендіріп, мемлекеттен қаржыландыруды тоқтатуды ұсынды. Сонымен қатар мемлекет қаржысын балалар мен жасөспірімдер мектептеріне, футбол мектептерін дамытуға, балалар бапкерлерін дайындауға жұмсау керек деп есептейді.

Сондай-ақ аудандарда, қала маңында тегін футбол алаңдарын салып, секциялардағы жаттықтырушылардың жалақысын педагогтермен теңестіру қажет екенін айтты.

Депутаттардан осы уақытқа дейін мемлекеттен футболға бөлінген қаржының есебін беруді талап етті.