Парламент депутаттары Қармақшы ауданындағы аграрлық және инфрақұрылымдық жобалармен танысты

1 002

Фото: Қармақшы әкімдігіҚармақшы ауданына ҚР Парламенті депутаттарының жұмыс сапары өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Наурызбай Сейтқалиұлы Байқадамов пен Руслан Рүстемұлы Рүстемов, сондай-ақ Мәжіліс депутаты Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаев Қармақшы ауданына жұмыс сапарымен келді. Сапарға Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек, «AMANAT» партиясының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, сондай-ақ салалық құрылымдардың жетекшілері қатысты.

Агроөнеркәсіптік саланы дамыту – басты назарда

Сапар барысында халық қалаулылары алдымен Жаңажол ауылдық округіндегі «Жаңажол» ЖШС-нің егіс алқаптарын аралады. Олар күріш және бақша дақылдарының жай-күйімен танысып, су ресурстарын ұтымды пайдалануға бағытталған тәжірибелермен танысты. Атап айтқанда, шаруашылықта қашыртқы суларын екінші мәрте пайдалану арқылы егін алқаптарын суару тәжірибесі көрсетілді. Бұл әдіс – өңірдегі су тапшылығы жағдайында маңызды шешімдердің бірі ретінде танылып отыр.


Сонымен қатар, депутаттар серіктестікке қарасты алма бағына барып, тамшылатып суару технологиясының тиімділігін көрді. Аталған технология суды үнемдеп қана қоймай, өнім көлемін де арттыруға септігін тигізеді. Халық қалаулылары аталған тәсілдің ауыл шаруашылығы өндірісіндегі тиімділігін ерекше атап өтті.


Ауылдарды газдандыру жұмыстары пысықталды

Сапардың келесі кезеңінде депутаттар Дүр Оңғар, Иіркөл және Төребай би ауылдарындағы газдандыру жобаларымен танысты. Арнайы стендтік таныстырылымда жобаның жүзеге асу кезеңдері, техникалық сипаттамалары және қаржыландыру көздері туралы тиісті сала мамандары толыққанды ақпарат ұсынды. Газдандыру – тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық бастамалардың бірі екені белгілі.


Депутаттар ауылдық елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстарының кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы қажеттігін атап өтіп, жобаны сапалы әрі уақтылы орындаудың маңыздылығын жеткізді.


Халық тұрмысын жақсарту – ортақ міндет

Жұмыс сапары барысында Парламент депутаттары аудан көлеміндегі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысын бағамдап, ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерге назар аударды. Халық қалаулылары өз ұсыныстарын білдіріп, жауапты басшыларға нақты бағыттар бойынша жұмысты жандандыруды ұсынды.


Сонымен қатар, сапар соңында депутаттар ауданда жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық жобаларға оң бағасын беріп, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында барлық деңгейдегі билік өкілдерінің бірлесе жұмыс істеуі қажеттігін баса айтты.