Мұғалім шұңқырға түсіп кеткен оқушыны құтқарып қалды

1 512

 Фото: admmegion.ruАстанада мұғалім мен қала тұрғыны шұңқырға түсіп кеткен оқушыны құтқарып қалды,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Әлеуметтік желілерде баланы шұңқырдан шығарып алған сәт түсірілген видео жарияланды. Мәліметке сәйкес, “Женева 2” тұрғын үй кешені маңында орналасқан ашық шұңқырға мектеп жасындағы қыз бала түсіп кеткен.

Куәгерлердің айтуынша, астаналық мұғалім мен өтіп бара жатқан азамат баланың өздігінен шыға алмағанын байқап, дереу көмекке келген. Сол сәтте бала қатты тоңып қалған.

— Таңертең сабақтардың тоқтатылғанына қарамастан, бала мектепке бара жатқан. Адамдар көмектесіп, шұңқырдан шығарып алды, — деп жазды ұстаз Сәуле Нұрпейісова Instagram-парақшасында.

Видеоны жариялаған мұғалім аялдама маңындағы шұңқырдың ашық қалдырылғанына алаңдаушылық білдіріп, осындай қауіпті жағдайлардың алдын алу қажеттігін атап өтті.

— Қатты боран мен көктайғақ болды, біз өзіміз жұмысқа әрең жеттік. Адамдар дұрыс әрекет етті, бірақ мұндай жағдайлардың мүлде болмағаны дұрыс еді, — деді ол.