Қарағандылық әйелге еркінен тыс коронавирусқа қарсы екпенің үшінші дозасын салып жіберген
328
Қазақстанда ревакцинация кезеңі әлі басталмағанына қарамастан Қарағанды қаласының тұрғыны коронавирусқа қарсы вакцинаның үшінші дозасын алып үлгерген- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Aibat жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Дәметкен Қарманованың айтуынша, ол Қазақстанда ревакцинация жасалған алғашқы адам. Әйел өзіне тұмауға қарсы екпенің орнына "Verro Cell" вакцинасын салып кеткеніне сенімді. Зейнеткердің қолында COVID-19-ға қарсы вакцина салынғандығы жөнінде анықтама қағазы бар. Тек әйел вакцинаны толық сәуір айында салдырған."Олар маған вакцина салуға келгендерін айтты. Егер уақытылы екпені салдырмасам, кейін зейнетақымды ала алмай қалатынымды айтып қорқытты. Осылайша олар мені алдап тұмаудың орнына COVID-19 вакцинасын салып кетті. Осы күннен бері ауырып келе жатырмын, басым мен тамағым тоқтаусыз ауырады. Мен бұл мәселенің денсаулық сақтау министрлігіне жеткенін қалаймын, себебі осындай жолмен адамдарды өлтіріп жатыр", – дейді Дәметкен Қарманова.
Бұл мәселеге қатысты №1 емхана қызметтік тексеру жүргізген. Айтуларынша, екпе анықтамасы медбикелердің бірінен кездейсоқ түсіп қалған. Олар бұл анықтамаларды басқа ем қабылдаушыларға дайындап шыққандығын алға тартады.
"Тексеру барысында зейнеткер әйелге тұмауға қарсы ресейлік екпенің салынғаны белгілі болды. Бірақ сол күні мобильді топ басқа да үйде отырған егде жастағы адамдарға "Verro Cell" вакцинасын салуды жүргізген. Сондықтан қыздар алдын ала анықтамаларды дайындап алған. Мүмкін бұл қағаздар олардың сөмкесінен кездейсоқ түсіп қалу немесе дұрыс толтырылмау ықтималдығы бар", – деп түсіндіреді №1 емхананың медициналық қызмет көрсету бөлімінің директор орынбасары Ольга Ермакова.
Дәметкен Қарманова өз кезегінде дәрігерлерден вакцина салуға рұқсат беріп қол қойған қағазды көрсетуді сұрайды. Алайда олар бұл анықтаманы көрсете алмаған. Енді кезекте шындық іздеген әйел прокуратураға шағым түсірмек ниетте.