Әйелін ұрып өлтірген ер адам екінші рет сотқа тартылып, жазадан құтылып кетті

1 515

Фото: shutterstockСолтүстік Қазақстан облысында 6 жыл бұрын әйелін сабап өлтіріп қойған ер адам, қайтадан басқа әйелді ұрғаны үшін сот алдына келді. Алайда бұл жолы ол қылмыстық жауапкершіліктен тағы да босатылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

2020 жылдың қаңтарында СҚО тұрғындарын есеңгіреткен қайғылы оқиға болған еді. Есіл ауданының орталығында белгілі спортшы-күресші 29 жастағы әйелін соққыға жығып, салдарынан әйел көз жұмды. Қылмыс марқұмның қарт анасы мен екі кәмелетке толмаған баласының көз алдында жасалған.

Сот үкімінде көрсетілгендей, 2020 жылғы 14 қаңтарда ер адам үйінде шыққан жанжал кезінде әйелінің басынан бірнеше рет әдейі ұрған. Кейін шашынан тартып, теуіп жіберген. Әйел құлап, басын қабырғаға соққан. Алған жарақаттарының салдарынан ол оқиға орнында қайтыс болды.

Марқұмның анасының айтуынша, қызы күйеуінен көп жыл бойы зорлық-зомбылық көрген, бірақ одан кете алмаған. Қайғылы түнде ер адам әйелін қатты соққыға жығып, кейін өзі "көмек көрсетуге" тырысқан. Ол әйелдің денесін сыртқа шығарып, суық су құйған.

Сотта айыпталушы марқұмның анасына 3 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеп, кінәсін мойындады. Оның ісі Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі ("Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда өлімге әкелу") бойынша қаралып, 6 жылға орташа қауіпсіздік колониясына сотталған. Ол колонияда екі жылдан сәл астам уақыт отырып, шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан. 2025 жылдың соңында ер адам әйелді ұрып-соқты деген күдікпен қайтадан тергеуге ілікті.