Үкіметтік емес ұйымдармен атқарылған жұмыстарға шолу

1 987

Фото: qz-media.kzҚазіргі таңда Қызылорда қаласы бойынша облыстық әділет департаментінде 411 үкіметтік емес ұйым тіркелген, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Жыл басында ҮЕҰ дерекқорына өз мәліметтерін уақытылы ұсыну жөнінде ескертпе, хабарландырулар қалалық «Ақмешіт ақшамы», «Ақмешіт апталығы» газеттерінде, Қоғам ТВ телеарнасының жеке сектор айдарында, Facebook, Instagram, Telegram әлеуметтік желілеріндегі қала әкімдігінің және қалалық қоғамдық даму бөлімінің ресми парақшаларында, gov.kz мемлекеттік органдар сайтында, qorda.kz қалалық қоғамдық даму бөлімінің ресми сайтында жарияланды.

Бүгінгі күнге дейін 112 ҮЕҰ өз мәліметін ҮЕҰ дерекқорына ұсынған, яғни, 27,2 % (62 қоғамдық бірлестік, 47 қоғамдық қор, 3 ассоциация).

12 ұйым әрекетсіз, 17 ұйым жұмысын уақытша тоқтатқан, 22 ұйым жабылған.  

Қазіргі уақытта ҮЕҰ дерекқорына мәліметін уақытылы ұсынбаған ұйымдарға хаттама толтыру жұмыстары жүргізілуде.

Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік-маңызды жобаларын жүзеге асыру қызметі бойынша 2024 жылға қалалық бюджеттен 22 млн 227 мың теңге қаржы бөлініп, оған 6 әлеуметтік жоба іске асырылуда. Атап айтқанда:

«Қала көлемінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған насихаттық шараларды ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы. Жоба құны 4 млн теңге. Жоба жеңімпазы «Ораз Ахун» қоғамдық қоры.

Жоба аясында ағымдағы жылдың 5 мамыр күні «Мерей» спорт аренасында зайырлы мемлекет құндылықтарын насихаттау мақсатында қала аумағындағы мешіт жамағаты мен қызметкерлері арасында кіші футбол ойыны ұйымдастырылды. Дүбірлі спорт додасына 16 команда, 150-ге жуық спортшы сайысқа түсті.

Тартысты өткен турнирде «Қарауылтөбе» командасы топ жарса, екінші орынға «Құддыс», үшінші орынға «Нұр» командасы тұрақтады.  Сондай ақ ойында жақсы өнер көрсеткендер «Үздік шабуылшы», «Үздік ойыншы», «Үздік қорғаушы» және «Үздік қақпашы» номинацияларымен марапатталды. Барлық жеңімпаз командаларға арнайы кубоктар, дәрежелік дипломдар, алғыс хаттар және бағалы сыйлықтар табысталды.

Сонымен қатар, деструктивті діни ағым ықпалында жүрген азаматтарды оңалту мақсатында облыстық ақпараттық-түсіндірмелік топтар құрамындағы исламтанушы, теолог және дінтанушы 3 маманды тарта отырып 15 азаматты оңалту мақсатында әр азаматпен 2 реттен 60 адрестік кездесу өткізілді.

«Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған іс-шараларды ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы. Жоба құны 6 млн 800 мың теңге. Жоба жеңімпазы «Ай Қанат» қоғамдық бірлестігі. Жоба аясында 21-22 маусым күндері қаламгерлер арасында шағын футболдан Республикалық турнир өткізілді. Турнирге еліміздің әр аймағынан 8 команда келіп, бақ сынады.

Сонымен қатар 28 маусым күні қала дамуын үздік ақпараттандырушы 30 журналист қала әкімінің арнайы сыйлығымен марапатталды.

«Cыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық түсіндірме жұмыстарын, адам саудасы мен құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған шараларды ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы. Жоба құны 5 млн теңге. Жоба жеңімпазы «Облыстық жастар одақтары» қоғамдық бірлестігі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, алаяқтық, адам саудасының алдын алу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру бойынша әлеуметтік желіде 30 постер жарияланды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, алаяқтық, адам саудасының алдын алу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру тақырыптарында Қызылөзек және Талсуат ауылдарының тұрғындарына құқықтық кеңестер берілді. Жыл соңына дейін осындай тақырыпта барлық кент, ауылдарда кеңес берулер өткізіледі. Сонымен қатар, 375 дана ақпараттық таратпа материал қала тұрғындарына таратылды. 30 мамыр күні мектеп оқушылары арасында жас суретшілер байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Азаматтық қоғам институттарының бастамаларын қолдау бойынша шараларды ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы. Жоба құны 3 млн 500 мың теңге. Жоба жеңімпазы «Асыл Мұра Орда» қоғамдық қоры. Жоба аясында 7 сәуір күні Тәжікстан - Ауғанстан шекарасындағы әскери қақтығыста қаза тапқан жауынгерлерді еске алу күніне орай, «Тағзым алаңы» аумағындағы ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. 26 сәуір күні Чернобыльдағы радиациялық апат құрбандарын еске алу күніне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді. 15 мамыр отбасы күні мерекесіне орай, қала көлеміндегі «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелерімен кездесу өткізілді. Кездесу барысында аналарға сый құрмет көрсетілді. 31 мамыр Саяи қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Шоқайтану» орталығында «Кеңестік саяси қуғын-сүргін: зерттеу мен зерделеу» тақырыбында танымдық шара өткізілді.

«Үздік аула – 2024 байқауы» әлеуметтік жобасы. Жоба құны 1 млн 700 мың теңге. Жоба жеңімпазы «Бізбен бірге» қоғамдық қоры. Жоба аясында Үздік аула байқауының басталуы жөнінде әлеуметтік желілерде хабарландыру жарияланды.   

«Мерейлі отбасы байқауының қалалық кезеңін ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы. Жоба құны 1 млн 227 мың теңге. Жоба жеңімпазы «Бізбен бірге» қоғамдық қоры. Жоба аясында конкурсқа қатысушылардан құжаттар қабылданып, комиссия отырысын өткізу жоспарлануда.

«35 жылдыққа арналған еске алу шарасын ұйымдастыру» әлеуметтік жобасына қалалық бюджеттен қосымша 2 млн 800 мың теңге қаржы қаралған. Жоба жеңімпазы «Жалынды жастар» қоғамдық бірлестігі. Жоба аясында 15 ақпан Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай Тағзым алаңы аумағында еске алу шарасы өткізілді. Мерекеге орай, Ауған ардагерлеріне 299 дана медаль таратылды. Ауған ардагерлері жесірлерімен кездесу өткізіліп, сый-сыяпат жасалды.

28 ақпан «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының құрылғанына 35 жыл толуына орай Тағзым алаңы аумағында еске алу шарасы өткізілді. Мерекеге орай, Семей ардагерлеріне 350 дана медаль таратылды. Семей ардагерлеріне арналған қорытынды концерттік шара өткізілді.         

Сонымен қатар, «Облыс тұрғындары арасында дін қызметкерлерінің қатысуымен діни-ағартушылық жұмыстарын жүргізу» әлеуметтік қызметіне облыстық бюджеттен 28 млн 766 мың 270 теңге қаржы бөлінді. Жоба жеңімпазы «Асыл Мұра Орда» қоғамдық қоры. Жоба аясында ғибадат үйіне (мешіт) келушілер арасында діни-ағартушылық жұмыстар жүргізу және мемлекеттің дін саласындағы саясатын түсіндіру бағытында Қызылорда қаласының 34 дін қызметкері өздері қызмет ететін ғибадат үйлерінде наурыз, сәуір, мамыр, маусым айларында әрқайсысы 3 мәртеден түрлі тақырыптарда ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

23 - 25 сәуір аралығында «Нұр-Мүбәрак» университетінің Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының директоры, теология ғылымдарының Phd докторы, РАТТ мүшесі Сәкен Салтан Сайранұлының қатысуымен Қызылорда қаласында түрлі контингентпен 7 шара өткізілді. Атап өтсек, «Qosyl» Қызылорда қалалық жастар орталығында жастармен, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің мәжіліс залында студенттермен, И. Әбдікәрімов атындағы Қызылорда агротехникалық жоғары колледжінің мәжіліс залында студенттермен «Деструктивті ағымдарды белгілерінен тану» тақырыбында, Тасбөгет кенті С.Майқанова атындағы мәдениет үйінде «Әлеуметтік желі және радикализм» тақырыбында тұрғындармен кездесулер өткізілді. Одан бөлек «Құддыс Ишан», «Мүсірәлі», «Айтбай» мешіттерінің жамағатымен кездесулер өтті.

Қала әкімінің қаулысымен Қала әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің құрамы мен ережесі бекітіліп, кеңестің 2024 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес 13 маусым күні кеңестің бірінші отырысы өткізілді. Отырысты кеңес төрағасы, қала әкімі аппаратының басшысы жүргізді.