«ТІЛДІ СҮЮ – ТАЛБЕСІКТЕН»
Қазақстан халқы тілдерінің мерекесіне байланысты Қызылордада мектепке дейінгі балалар арасында акция ұйымдастырылған,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Қазақстан халқы тілдерінің мерекесіне байланысты Қызылорда қаласындағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында «Тілді сүю – талбесіктен» тақырыбында акция ұйымдастырылуда. Аталмыш мерекеге орай бүгін қаладағы «Шаттық» және «Қызғалдақ» балабақшаларында тағылымдық мазмұндағы шара өтті.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленушілердің тіл байлығын жетілдіру, ой-өрісін, танымын кеңейту мемлекеттік тілге деген құрметін арттыру мақсатында өткен акцияға Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Ләззат Есімова, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиал төрағасының орынбасары Жалғасбек Аманов және қалалық білім бөлімінің әдіскері Жанат Кеулімжайқызы қатысты.
«Шаттық» балабақшасының бүлдіршіндері Әнұран орындап, ән айтып, би билеп, ана тіліміздің айбынын асқақтататын өлең шумақтарын оқыды. Айта кетерлігі, биылдан бастап балабақшада қазақ тіліндегі балаларға арналған кітаптар сөресі ашылған. «Қызғалдақ» балабақшасында тәрбиешілер мен тәрбиеленушілер қала өмірі мен ауыл тіршілігіндегі тіл қолданысын салыстырмалы түрде қойылым арқылы жеткізді.
Акция барысында екі балабақша ұжымына да басқарма тарапынан «Аталар сөзі», «Бабалар батасы», «Халық тағылымы», «Халық ертегілері», «Халық әні», «Халық аңызы», «Қобыз үні», «Домбыра күйі», «Бесік жыры», «Билер сөзі», «Нақыл сөздер», «Халық жыры» кітаптары жиынтығынан тұратын инновациялық сөйлейтін қаламы бар «Даналық әліппесі» оқу-әдістемелік кешені, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Жақсылыққа жақсылық», «Сыналған достық», «Сиқырлы тақия», балаларға арналған ертегі кітапшалар мен журналдар, әріп үйренуге арналған «Электронды әліппе», С.Әкірамұлының «Ұқыпты бала» секілді көптеген кітаптар табысталды.