Түркістан әкімдігінің ғимараты 313 млн теңгеге қонақ үй ретінде сатылып кетті
Есім хан алаңы 3 мекенжайы бойынша орналасқан Түркістан қаласы әкімдігінің ғимараты сатылды. Енді ол жерде заманауи қонақ үй болады.
"Еуразия" бірінші арнасының хабарлауынша, ғимаратты сату туралы ешқандай ақпарат жария етілмеген және қала тұрғындары үшін бұл тосын жағдай болған.Әкімдіктің қызметкерлері өз еріктерімен облыс әкімдігінің ескі ғимаратына көшіп кетіп, әкімдік ғимаратын сатпастан бұрын жалпы құны 257 млн теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізген.
Қала әкімшілігі журналистерге әкімдіктің бұрынғы ғимаратын сатып, онда қонақ үй ашуға арналған бұл жоба "қала туристері мен қонақтарына жайлы жағдай жасау үшін" жүзеге асырылып жатқанын түсіндірді.
Электрондық аукционда ауданы 2,5 мың шаршы метрден асатын 4 қабатты ғимаратты Көкшетау қаласының 74 жастағы зейнеткері 313 млн теңгеге сатып алған екен.
"Не мәселе туындап отыр? Енді біз ол жерде жұмысты бастай алмай отырмыз, барлық құжаттарымыз қолымызда болғанымен. Мен меншік иесімін. Біз жер кодексіне сәйкес бұл жерді рәсімдедік, төлемді де жасадық. Құжаттар біздің қолымызда", - деп шағымданды ғимарат иесі Күлбибі Бектасова.
Сол арада прокурорлар бұл келісімшартқа қызығушылық таныта бастады. Олар әкімдік ғимаратын сату заңбұзушылықтармен өтті деп санайды. Олардың пікірінше, ғимарат дұрыс бағаланбағандықтан, құны үштен біріне дейін төмендетілген. Сонымен қатар, осы уақытқа дейін мемлекеттік қаражатқа жасалған жөндеу жұмыстарының ізі де қалмаған екен.
Прокурорлар сотқа шағым түсіріп үлгерді. Іс бойынша жауапкерлер - Түркістанның мемлекеттік органдары, бағалауды жүргізген компания және жеке кәсіпкер. Нәтижесінде сот сатуды қабылдау актісін жарамсыз деп таныды.
"Түркістан қаласы әкімдігінің экономика және қаржы бөлімі мен жеке кәсіпкер Бектасова Күлбибі Қамбарбекқызы арасындағы ғимаратты сату-сатып алу туралы келісім жарамсыз деп танылсын. Мемлекеттік мүлікті қабылдау-сату актісі жарамсыз және күші жойылған деп танылсын", - делінген Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімінде.
Шешім әлі күшіне енген жоқ, жеңілген тарап шағымдана алады. Түркістан қаласының әкімдігі прокурорлардың басты шағымы объектінің бағасына қатысты екенін баса айтты.
"Егер ғимарат қаланың балансына оралса, оны қайтадан сатылымға шығаруы мүмкін", - делінген хабарламада.