Қазақстанның батысында қырыққабат үш есе қымбаттады

475
Қазір қырыққабаттың бір келісін 390-550 теңгеден сатып жатыр, ал бір жыл бұрын ол 100-140 теңге тұрған еді.

Орал әкімдігі көкөніс бағасына қандай факторлар ықпал ететінін айтты.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мониторинг жасау барысында қырыққабат (276,29%), қант (101,08%), сәбіз (75%), ірімшік (66,83%) және қарақұмық жармасы (52,12%) қатты қымбаттағаны анықталды.

Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының ақпаратынша, бұл өнімнің бәрі сырттан әкелінеді. Мәселен, облыс өз аумағында өсірілетін қырыққабатпен тек 54%-ке, сәбізбен – 51%, ірімшікпен небәрі 5%-ке қамтылған. Ал қант пен қарақұмық облыста мүлде шығарылмайды, деп жазады өңірлік "Мой город" басылымы.

Бұл тізімнің көшін ақбас қырыққабат бастап тұр, оның бағасы бір жылда 276,29%-ке көтерілген. Егер 2021 жылғы 16 наурызда қырыққабат келісіне 97 теңге тұрса, биыл 15 наурызда 365 теңге болған. Тек наурыз айының өзінде бұл өнімнің бағасы кемінде 15%-ке өсті.

Дүкендер мен супермаркеттерде қырыққабат бағасы 390 теңгеден (базарлар мен супермаркеттерде) 550 теңгеге дейін (үй жанындағы дүкендерде) барады. Сатушылар қымбаттаудың немен байланысты екенін түсіндіре алмайды.

Ауыл шаруашылығы басқармасы қырыққабаттың қазіргі бағасын уақытша құбылыс деп атады.

"Облыстың өз өнімімен (қырыққабатпен) қамтамасыз етілуі 54%-ті құрайды. Сәуірдің басында өңірге Түркістан облысынан қырыққабат жеткізіледі деп жоспарланған еді, бірақ ауа райының қолайсыздығына байланысты ол сәуірдің ортасына дейін созылып кетті. Бәлкім, сатушылар да мұны пайдаланып отырған шығар", - деді басқармадағылар.

Ведомство ақпаратынша, қазір тұжырымдама әзірленді. Оған сәйкес 2025 жылға қарай өңірді өз көкөнісімен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Айта кетері, Орал әкімдігі жүргізген мониторингке сүйенсек, қалада бір жыл ішінде тауық еті (35%), картоп (38%), бірінші сұрыпты ұн (15%) және макарон (30%) да қымбаттаған.