Теңіз бен дария жыршысы

1 504

Талантты жерлесіміз, көрнекті жазушы Серік Мүслімұлы Байхоновтың өнегелі өмірі мен шығармашылық жолы хақындағы ой-толғау, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі "Сыр бойы" газетінің сайтына сілтеме жасап.


Әлі есімде. Ауылдан келіп, әсем астана – Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, аспандағы айға қолым жеткендей, содан да балаң көңілім бірден орнына түспей, сан қиялмен арманшыл көңіл көгінде қалықтап жүрген шақ. Өйткені, екінің бірінің қолы жетпейтін елдегі бас жоғары оқу орнының білдей студенті болғаным бар, ақындық талабым бар, сол көптеген тағы-тағылар, мінәйі себептер мені есімдерін республикалық газет-журналдардан ғана ұшырататын, көптен көрсем, тілдессем деп құштар болып жүрген аймаңдай асыл ағаларыммен мүлдем кездейсоқ жолықтырған еді.


Ұмытпасам, сонау кеңестік замандағы еміс-еміс есте қалған сол бір 1977 жылдың күзгі жапырақтары қызыл күрең түске боялған мизамшуақты күндерінің бірінде талантты ақын Байбота Серікбаев ағама еріп, мен жақсы білетін тағы бір ауылдас ақын ағамыз Ибрагим Исаев отбасымен бірге пәтер жалдап тұрып жатқан оңашалау мекенге жақын «Өжет» поселкесі маңайында орналасқан, «Перевалочная база» деп аталатын жүргіншісі сирек аялдамадан аса қашық емес қала шетіндегі шағын бәкене тамның табалдырығын аттағаным бар-ды. Есікті маржандай аппақ тістері жарқырап, жарқын жүзі жадырап жазушы ағамның өзі айқара ашты. Таныса келсем, есім-сойы Серік Байхонов екен. Екеуміз де Шиелі ауданынанбыз. Ауылымыздың арасы шамамен елу шақырымдай жер. Содан да болар ол мені өзімсіне ішке тартып, арқамнан ескі танысындай ерекше бауырмалдықпен еркелете қағып жатыр. Қасында аққұба өңді, жылы шырайлы, шарғы бойлы жеңгем бар. Секең зайыбының ныспысын Оңғар деп таныстырды. Биязы мінезді қазақы тәрбиедегі жеңгеміз әсем астанадағы А.Чехов атындағы орталық балалар кітапханасының білдей қызметкері болып шықты.


Кешкілік әлетіндегі шай үстінде Серік ағам қасыма жақын келіп, маған оқыс сұрақ қойды.


– Бақытжан, сен осы неше жігітті ұрып, жыға аласың? Кәне, жұдырығыңды көрсетші, – деп маған үлкен күрек тістерін ақсита күлімдей қарағаны бар. Сол қаз-қалпындағы еш риясыз ағалық көңілімен.


Мен қапелімде не айтарымды білмей қалдым.


Қалжыңқой ағам сосын іле-шала бастырмалатып тағы да былай деген еді:


– Орыстың атақты ақыны Сергей Есенинді білетін шығарсың.


– Иә, білем ғой, – дедім. Біле тұрсам да әлдебір үргедектеу көңілмен дегбірім қашып батылсыздана. Қанша дегенмен ауылдан жаңа келген түбіт иек бозбаламын ғой.


– Сол Сергей ақын, мәселен, жолында кездескен екі басбұзар жігітті екі жаққа жаңқа құрлы көрмей, басынан асыра лақтырып тастап жүре береді екен!


…Арада жылдар ақырын жылжып өтіп жатты. Көне Тұран жерінде дамылсыз талай рет дауылдата қара жел де соқты, сансыз жылғалардан дауысы гүрілдеген тасқын емес, жай ғана сылдырап-сырқырай түсіп лайсаң су да ағып жатты, осылайша бір кездегі жағасы жасыл жазиралы оман дария – Сырдария өзені мен Арал теңізі бойындағы тұмса табиғаттың тынысын аптап ыстық та жыл өткен сайын бірте-бірте тарылта бастаған болатын. Мен бұл кездері туған жерім Сыр елінде тұрып, қызмет етіп жүргенмін. Оқта-текте талайлы тағдыр тосыннан тоғыстырып, екеуміз Қызылордада кездесіп қалып жүрдік. Серік ағам ол жылдары республикалық телевизиялық экспедицияларды басқарып «Сал үстіндегі маусым», «Аралға – араша», «Арналарға тіл бітсе» және тағы басқа кітаптарды жазудың қауырт қамында жүр екен ғой кейін білсем. Ол жағын бұл кездесулерде аса ашып та айтпады. Кейін осы аталған кітаптар қазақ жұртының рухани қазынасына айналып, қалың оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді. Ол алғашқылардың бірі қатарында Арал теңізіне араша сұрап, өзгелер сияқты қымбат курорттарда өткізетін жазғы маусымын бөренеден құрастырылып, қамыс қамдап салған сал үстінде Сырдарияның жоғарғы арынды ағысынан бастап Аралдың құяр сағасына дейін өзіне тән өжеттікпен жүзіп барып, телехабарлар түсіріп, табаны құрғап, тұз басып, күн сайын кеуіп бара жатқан шалажансар арналарға жанұшыра тіл бітіргісі келді.


Осы кездесулерден кейін «Сал үстіндегі маусым» кітабын құмарта оқып шыққан мен сол ыстық әсермен «Паромшы» атты өлең жазған болатынмын. Ол кезінде «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді. Осы өлеңдегі паромшы Айғара ақсақал біздің «Тартоғай» ауылындағы ағаш пароммен арғы және бергі бетке мал-жанды, көлікті өткізіп тұратын халық үшін жаратылған алабөтен мейірімді жан еді және оның бұл жанқиярлық еңбегі түннің бір уағына дейін еш толастамайтын. Өйстіп жүріп Серік ағам ақсақалдың өзі құралыптас жаны жомарт ұлы Дайрабаймен де араларынан қыл өтпес жақын достар болып кеткен-ді. Біздің Сыр өлкесінде дарияны кейде дайра деп те атай береді. Айғара шал мен оман дария Секең екеуміздің ортақ тақырыбымыз, сүйікті кейіпкеріміз болатын. Екі жыл бұрын Жазушылар одағының алдында кездесіп қалған Серік ағам:


– Бақытжан, сенің ана өлеңіңді оқыдым. Ішінде мен де бар екенмін. Жетпіс жылдық мерейтойыма арналған кітапқа кіргізіп жатырмын, – деген еді нұрлы көздері қуаныштан нұр шашып.


Секеңді ең соңғы рет былтыр Абай атындағы опера және балет театрында болып өткен Қазақстан Жазушылар одағының кезекті құрылтайында жолықтырған едім. Бірақ бұл жолы оның көздерінен әдеттегі жарқын шуақты, қулана қарайтын нұрлы жанарларындағы әнтек жалт еткен өткір ұшқынды көре алмағанмын. Жүзі сынық екен. Менің де көңілім қабаржып қалған-ды…


Аузы дуалы әдеби орта айтатын өткен ғасырдың сонау жетпісінші жылдарында «Серік Байхонов «Жалғасым менің – жалғасым» атты тұңғыш повесін он жеті жасында жазған» деп. Ал жиырмаға толар-толмаста оның сол айтулы повесі 1973 жылы аса беделді «Жалын» альманахы жариялаған бәйгеде мәртебесі жоғары жүлделі орынға ие болып, осы альманахта жарық та көрген еді…


Жетпісіңнен енді аса берген және талантың әбден толысқан шағыңда өзінің қысқа қамшы сабынан оздырмаған жазмышың осылай болып шықты. Қайыр-қош, Секе, Құлагер-талант, асау толқынды Сырдың әрдайым адал перзенті болып қалған ақеден көңілді абзал аға, жаны жомарт, бауырмал мінезі өзіне ғана бек жарасып тұрар көкшіл теңіз бен оман дарияның текті де «тентек» жыршысы!


…Содан бері де тұп-тура қырық күн өтіпті.


Бақытжан АБЫЗОВ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.