Мектеп мұғалімдері 1 сынып оқушысын ата-анасының рұқсатынсыз гинекологқа тексерткен
Алматыда жекеменшік мектептің мұғалімдері бірінші сынып оқушысын ата-анасының рұқсатынсыз гинекологқа алып барған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
7 жасар қыздың ата-анасы жекеменшік мектептің директоры мен мұғалімдерін жауапқа тартуды талап етіп отыр. Баланың анасы қызын психологтың кабинетінде сұрақтың астына алып, содан кейін ата-анасының рұқсатынсыз гинекологқа тексеруге жібергенін айтады. Атышулы оқиға оқу-ағарту министрлігіне дейін жеткен. Қазір мектепте қызметтік тексеру басталды.
Оқиға өткен жұма күні болған. Сабақ кезінде қыз жиі дәретханаға баруды сұрап, өзін нашар сезініп тұрғанын айтып шағымданған. Мұғалім оқушыны алдымен медбикеге, сосын психологқа алып барыпты. Қызбен сөйлескеннен кейін маман “қызды өгей әкесі зорлаған” деген қорытындыға келген. Мұғалімдер дереу жедел жәрдем шақырып, оқушы қызды тексеруге жіберген. Бірақ, қыздың олар ата-анасынан рұқсат алмаған.
Қызды сотқа дейінгі сараптама орталығына алып барған. Сол жердегі мамандар мұғалімдердің болжамын жоққа шығарды. Оқушы қызға цистит диагнозы қойылды. Сараптама зорлау фактісін растамады. Енді қыздың ата-анасы білім мекемесінің қызметкерлерін жазалауды сұрап отыр.