Қызылордада «Мемлекеттік тіл және аударма мәселелері» атты арнайы жиын өтті
Қызылордада «Мемлекеттік тіл және аударма мәселелері» атты арнайы жиын өтті,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және іс қағаздар мен көрнекі ақпараттарды мемлекеттік тілде қолдану қағидаттарын сақтауға бағытталған «Мемлекеттік тіл және аударма мәселелері» атты семинар өтті.
Жиынға облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров, облыстық басқармалар мен аумақтық департаменттердің тілге жауапты мамандары, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының өкілдері, жарнама агенттіктері, тіл жанашырлары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Тіл- ұлттың аса ұлы игілігі, әрі оның ажырағысыз белгісі. Қандай да бір халықтың болмысы, өркениеттілігі, саналылығы, кең мағынасында сауаттылығы соның тіл мәдениетімен, сол тілдің қолданыс ауқымдылығының кеңдігімен өлшенеді. Еліміз егемендік алып, ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қолданыс өрісі кеңейді. Белгілі бір тілдің мемлекеттік мәртебеге ие болуы оңай міндет емес, себебі ол тіл сол мемлекет иесі болып отырған халықтың мүддесінен шығып, барлық саладағы мұқтаждықты өтей алатын дәрежеде болуы шарт. Яғни ол өнер, әдебиет, мәдениетте, баспасөз, дипломатиялық қарым-қатынас, ғылым, өндіріс, ресми іс-қағаздар т.б. салаларға дейін қызмет ететін қоғамның қажетті құралына айналуы қажет.
Аталмыш семинарда облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров қазақ тілі ұлттық сана қалыптастыруда басты құрал екенін айтып, мемлекеттік тілдің маңыздылығына барша азаматтардың жауапты екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар облыстық қоғамдық даму басқармасының тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Ляззат Есімова «Мемлекеттік тілдің қолданылуы» тақырыбында, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушы-ғалымдары Аман Абасилов «Тағам атауларының мемлекеттік тілдегі базасын қалыптастыру» мәселелері, Алдажар Әбілов «Аударма және балама мәселелері» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндамашылар қоғамда мемлекеттік тілдің қолданылу жағдайы мен қоғамдық тамақтану орындарындағы ас мәзірінің қазақ тілдегі нұсқасының болуы және қазіргі мәтіндердегі аударма мәселелері туралы сөз қозғады. Күн тәртібіндегі мәселелер толық қамтылғаннан кейін жиынға қатысушылар өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Қазақ тілі республика азаматтарын топтастырудың мықты іргетасы болары кәміл. Әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді құрметтеуге, оны үйреніп, білуге бейім болғаны абзал. Өйткені, қазақ тілі - еліміздегі халықтардың басым бөлігінің тілі. Болашақта мемлекеттік тіл ретінде оның мәртебесі біздің елімізде қоғам биігінен көрінуге тиіс.
Бүгінгі таңда мемлекеттік тілді жетік меңгерген мамандар барлық салада толық қамтамасыз етілді деуге әлі ертерек. Қай тұлғаның болса да жұмысқа қабылданар алдында мемлекеттік тілді білуі және іс қағаздарымен жұмыс жасай алуы туралы мәселелер ескерілер болса, біршама атқарылар шаралар өзінің оң шешімін табатыны сөзсіз.
Мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметте бірлі-жарым кісі ғана емес, барлық адам білуге міндетті. Мемлекеттік тілді білмейтінге мемлекеттік қызмет бермеу керек. Ол бұл қызметке әлі дайын емес, оның өзі азаматы болып табылатын елдің Ата заңын, мемлекеттік тілін, ел иесі – ұлтты сыйлау сезімі оянбаған. Ол – шектеулі ғана қабілеттегі менмен адам. Ол бұл елді Отаным деп сезінбейді. «Уақыт керек» деген сөз - алдамшы сөз.