"Сыныптасы қалам лақтырып, көзін ағызып жіберген": ШҚО-да зардап шеккен баланың әкесі әділдік іздеп жүр
Бір жыл бұрын сыныптасы қалам лақтырып, көзі көрмей қалған оқушының ата-анасы әділдік іздеп жүр. Ашынған әке "сау баламды соқыр еткендерге" тым жеңіл жаза берілді, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Сөзінше, сабақ кезінде балаға тікелей жауапты тұлғалар жай ғана сөгіспен құтылған. Ал істі жабу үшін емге деп азын-аулақ ақша жинап беріпті. Биыл тағы да жеті жүз мың теңге ұсынды дейді жәбірленуші. Ал қаржы еш жазығы жоқ мұғалімдерден жиналғанын естіп, көмектен үзілді-кесілді бас тартыпты. Серік Әкімбаев бала қауіпсіздігіне салғырт қараған директор жұмыстан қуылсын деген талап қойды.
11 жастағы Еркеғали – Серік Әкімбаевтың тұла бойы тұңғышы. Сөзінше, бір жарым жылдан бері ұлының сол көзі көрмейді. Өйткені өткен жылы сабақ үстінде сыныптасы Еркеғалиға қалам лақтырып, көзі ағып кеткен. Содан бері төрт рет ота жасатыпты. Енді баласы бесінші рет ауруханаға жатқызылып отыр. Бірақ дәрігерлер үміттен күдік басым екенін айтыпты, себебі көзі жүз пайыз көріп кететініне кепіл жоқ.
Айтуынша, кезінде кешірім алу үшін керекті көмекті көрсетеміз деп көл-көсір уәде берген тарап ізім-ғайым жоқ. Сосын шенеуніктерден "Қазақстан халқына" қорынан қаржы алуға жәрдемдесуді өтініпті. Өйткені отаға қажетті қаржыны тек осы ұйым ғана бере алады. Мектеп директоры болса мұғалімдерден жеті жүз мың ақша жинап әкепті. Алайда одан бас тартуға мәжбүр болған.
Әкімдік өкілдері барлық жауаптылар заң аясында лайықты жазасын алды деді. Мысалы, сынып жетекшісі мен директорға сөгіс берілген. Қосымша әкімшілік айыппұл салыныпты. Айтуынша, жазатайым жағдай болғандықтан мектеп қызметкерлерінің кінәсі жоқ. Ал жеті жүз мың теңгені мұғалімдерден өз еріктерімен жинады дейді.
Шенеуніктер Әкімбаевтарға көмек көрсетілгенін және қажетінше қолдауға дайын екендерін жеткізді. Олар бұған дейін де отаға жолдама беріп келген. Бірақ шет елдерде жасалатын ота жайын тек министрлік шешеді деп отыр. Ал олар бас тартқан ақшаны аудандағы емге мұқтаж өзге де балаларға үлестіріпті.