Қазақстанда қант бағасы 750 теңгеге дейін қымбаттады

328
Қазақстанда қант бағасы тағы да қымбаттады. Солтүстік Қазақстан облысында өткен аптада 580 теңге болған қант бірден 200 теңгеге қымбаттаған,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Orda.kz сайтына сілтеме жасап.

Петропавлдағы көтерме сауда базарындағы сатушылар өткен аптада қант 3-4 күнге жоғалып кеткенін алға тартты. Сондықтан осы аптада оның ең төмен бағасы 750 теңгеден басталады.


«Бағаны тұрақтандыру мақсатында ірі сауда орындарына, базарларға қанттың тәуліктік нормасы жеткізіліп жатыр. Бұдан бөлек, коммерциялық қант басқа сауда орындарында да жеткілікті. Ал кондитерлік кәсіпорындарға үш фирма қанттың келісін 485 теңгеден өткізіп жатыр. Жалпы биыл біз 816 тонна, яғни12 вагон қант сатып алдық. Қазір тұрақтандыру қорындағы былтыр алынған қант сатылып жатыр. Сәуір айында «Азық түлік корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы қосымша 136 тонна сатып алынды»,- дейді СҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Ләззат Ғалеева.

Мамандар тұрақтандыру қорында әлі 406 тонна қант бар екеніне сендірді.

«Тұрақтандыру қорындағы қант Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының сауда орындарына, ірі сауда желілеріне, супермаркеттерге, сауда үйлеріне жеткізіледі. Базарларда ғана біздің 6 сауда орнымыз бар. Бұл жерлерде қанттың бағасы – 330 теңге. Сауда орындары үстінен 20 теңге қосып сата алады. Тек бір ғана ірі сауда желісі арқылы аптасына 12 тонна қант сатылады»,- дейді «Солтүстік» ӘКК ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ғамали Жұмашов.

Қордағы қант күзге дейін жетеді. Қазір Көксу қант зауытымен келіссөз жүргізіліп жатыр.

«Зауыттар да қанттың бағасын көтеріп жіберді. Мысалы Көксу қант зауыты бізге қанттың келісін 430 теңгеден ұсынып отыр. Біз әзірге ол бағаны қымбатсынып, келісімге келген жоқпыз»,- дейді Ғамали Жұмашов.

Бүгінгі күні Үкіметте қазақстандық зауыттардың қант өндірісін арттыру мәселесі қаралып жатыр.