АРАЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ЖАҚСЫҚЫЛЫШ, СЕКСЕУІЛ КЕНТТЕРІ МЕН ЖІҢІШКЕҚҰМ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ХАЛҚЫНЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕКТЕРІН ТЫҢДАДЫ
287
Бүгін аудан әкімі С. Сермағамбетов Жақсықылыш, Сексеуіл кенттері мен Жіңішкеқұм ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуде әдеттегідей жыл басынан бері атқарылған жұмыстар тұрғындарға баяндалды. Аудан басшысы негізгі көрсеткіштерге тоқталып, инвестиция тартудың маңыздылығын айтып өтті. Сонымен бірге 7 ірі жобаны іске қосу үшін тиісті жұмыстар жасалып жатқанын тілге тиек етті. Олардың қатарында «Аралтұз» АҚ-ның қап шығару өндірісі, ет өнімдерін өндіру, балықты тереңінен өңдеу, мал бордақылау және шұжық өндіру цехының жобалары бар. Өткен жылғы қуаңшылықты еңсеру бағытында басталған 8 канал мен 15 ұңғыманы қазу биылғы жылы жалғасуда.Бұл жұмыстар аясында Жақсықылыш кентінде 2 су ұңғымасы,
Сексеуіл кентінде 1 су ұңғымасы қазылған. Егін шаруашылығына қатысты ауданда суды үнемдеу мақсатында Аманөткел ауылдық округінде облыс көлемінде бірінші болып жаңбырлатып суару әдісі қолданылса, Атанши ауылдық округінде тамшылатып суару әдісімен егін еккен кәсіпкер өнімін ала бастады. Ақбасты, Тоқабай, Абай елді мекендеріне ауыз су құбырын тарту үшін өткен жылы бастау алған ірі жоба биыл да жалғасын табатын болады. Сексеуіл кентіне газ құбырын тарту жұмыстары басталғанын айтқан аудан басшысы Арал қаласына теміржол үстінен аспалы көпір салу, кәріз су құбыры жүйесін іске қосу алдағы уақыттың еншісінде екендігін айтып өтті.
Жақсықылыш кентінде өткен кездесуде жергілікті халық ауылға жақын маңнан ұңғыма қазу, дәрігерлік амбулаторияның қыс мезгілінде суық болатындығын айтып, Қазпошта ғимаратына жөндеу жүргізу қажеттігі мен кентке банкомат орнатуды және мектепте учаскелік полиция инспекторын бекітуді, Абай көшесін жарықтандыруды сұрады. Мұнымен бірге «Аралтұз» акционерлік қоғамы жұмысшыларының айлық жалақысы туралы, асхана керектігі, өрт сөндіру пунктін орнату мәселелері қозғалды.
Аудан басшысы ұңғыма қазу үшін құжаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын, Қазпошта ғимаратын жөндеу мен банкомат орнату үшін акционерлік қоғамның облыстық филиалына ұсыныс беріліп, бұл мәселелер шешімін табатындығын айтты. Ал дәрігерлік амбулаторияның жылытылуы бойынша газдандыру үшін жоба-сметалық құжаттама жасалып, жауапты басқармаға ұсынылғанын түсіндірді. Оған дейін ауданаралық аурухананың бас дәрігеріне сұйық отынмен жылытылуын қадағалауды тапсырды.
Тұрғындар ұсынысына сәйкес «Аралтұз» АҚ-ның директоры жұмысшылардың айлық жалақысын келесі жылдан бастап көтеру және өнім өндіру межесін орындау нәтижесімен сыйақы беру мәселесі қаралып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, асхана мәселесін шешу де қарастырылып жатқанын айтты. Өндіріс орнында өткен кездесулерде айтылған жұмысшылар ұсынысына сәйкес қоғамдық монша іске қосылған.
Өрт сөндіру мекемесінің орталығын ашу назарға алынып, алдағы уақытта Абай көшесіне жарықшамдар орнатылатын болды. Ал Кенттегі мектепке учаскелік полиция қажеттігі жөнінде тиісті орынға ұсыныс берілген.
Аудан басшысы кент халқымен кездескен соң тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. №19 орта мектебіне техникалық қызметкер орнын сұраған тұрғынның мәселесі шешімін табатын болды. Сонымен қатар, көпқабатты тұрғын үйдің жағдайымен жүгінген тұрғын мәселесі бойынша толықтай зерделеу жүргізіліп, тиімді тұстары ұсынылатын болды.
Ал Тоқабай ауылы тұрғындарының ұсынысына сәйкес дәрігерлік амбулаторияның қыс мезгілінде салқын болатындығына орай жауапты мамандарға қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізу жүктелді.
Тоқабай елді мекеніндегі мектеп апатты жағдайда болғандықтан демеушілер есебінен ғимарат бұзылып, қайта салынатын болып шешілген. Қазіргі таңда ғимаратты бұзу жұмыстары жүруде.
Елді мекенге сапары барысында аудан басшысы «Бекзия-Ана» жеке балабақшасына барып, жұмыс барысын көрді. Жеке кәсіпкер мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау арқылы балабақшаны ашқан болатын. Бүгінде 2 топта 3 пен 6 жас аралығындағы балалар қамтылған. Аудан әкімі балабақша ішін аралап көрген соң, алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, бүлдіршіндер тәрбиесі үшін бастама көтеріп, орталық ашқан кәсіп иесіне арнайы Алғыс хат табыстады.
Сексеуілдіктермен болған кездесуде аудан әкімі 40 төсектік аурахана ғимаратын аяқтау үшін жоба-сметалық құжатарына түзету енгізіліп, теміржолшыларға арнап салынған тұрғын үйлерді ауданның меншігіне алу жұмыстары жүргізіліп жатқанын түсіндірді. Тұрғындар тарапынан көтерілген ауыз су төлеміне қатысты әлі де жауапты орындарда қаралып жатқаны айтылып, Құланды елді мекеніне қарай баратын жол аудан балансында емес екендігі жеткізіліп, тегістеу жөніндегі ұсыныс назарға алынатын болды.
Электр тогы ақауынан тұрмыстық техникалары істен шыққан тұрғындар мәселесі толық зерделеніп, тиісті шешім қабылданатын болса, №83,84 бекеттеріне ауыз су құбырын тарту жұмыстары жақын күндері басталатыны жауапты мекеме тарапынан айтылды.
Сондай-ақ, спорт алаңын салу үшін облыстық басқармаға ұсыныс берілген, нәтижесі күтілуде.
Аудан әкімі жұмыссыздықты азайту үшін кәсіп түрлерімен және қызмет көрсету орталықтарын ашу, егін, мал, балық шаруашылықтарымен айналысуға ниет білдірсе мемлекеттен қолдау көрсетіліп, субсидия бөлінетінін түсіндірді. Мұнымен бірге, кент тазалығына жауаптылық, үйірмелер мен қызмет көрсету орталықтарын ашу бәсекелестік ортаға беру арқылы жүзеге асырылатындығын айтып өтті.