Тергеуші көрсеткіш үшін 8 қылмысты түрмеде отырған адамның мойнына ілген

514

Шымкенттік тергеуші қылмыстарды ашу көрсеткіші үшін 8 ұрлық оқиғасын кінәсіз адамның мойнына ілген. Ал ол кісінің ұрлық болған кезде түрмеде отырғаны анықталды.

Сот үкімімен кінәсіз адамды жауапқа тартқан тергеушіге 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы берілді, деп хабарлайды Экспресс К.

Шымкент қалалық прокуратурасының мәліметінше, полицияға 2016 жылы 8 жәбірленуші ұрлық жайты бойынша арыз түсірген. Алайда бұл қылмыстар 2022 жылға дейін ашылмағаннан кейін тергеуші "М" есімді азаматтың бұл қылмыстарға қатысы жоқтығын біле тұра 8 жәбірленушіні алдап, кешірім арыздарын алған. Кейін істі ақталмайтын негіздермен қысқартқан. Бірақ ұрлық жайттары болған уақытта ер азамат мүлдем басқа қылмыс бойынша түрмеде жазасын өтеп жатқан.


Тергеуші ашылмаған қылмыс бойынша есептік көрсеткіштерін көтеру мақсатында дәлелдемелерді бұрмалаған. "М" есімді азаматты заңсыз қылмыстық жауапқа тартқан,делінген прокуратура хабарламасында.

Ең қызығы, Шымкенттегі Абай аудандық соты тергеушінің әрекетінде қылмыс құрамы болмаған деген негізбен ақтаған екен. Апелляциялық сот та сол шешіммен келісіпті.


Қалалық прокуратура сот актілеріне кассациялық өтініш хат жіберген. Бұл Жоғарғы Сот тарапынан қолдау тауып, тергеушінің әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы бар екені белгілі болған.


"Нәтижесінде сот актілері бұзылып, қайта қарауға жолданды. Тергеуші кінәсіз адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту мен дәлелдемелерді бұрмалағаны үшін Қылмыстық кодекстің 412-бабының 1-бөлігімен (Көрiнеу кiнәсiз адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту), 416-бабының 4-бөлігімен (Дәлелдемелерді және жедел іздестіру, қарсы барлау материалдарын бұрмалау) сотталды",-делінген прокуратура мәліметінде.