Қоғамдық орында тазалық сақтамағандарға айыппұл салынған

1 503

Фото: ©Алматы облысының әкімдігіАймақтағы қоғамдық орындарды ластау бойынша 23, ал елді мекендердің аумағын абаттандыру қағидаларын сақтамаған 522 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Egemen.kz сайтына сілтеме жасап.

Аталған құқықбұзушылықтар бойынша 194 мың 625 теңге айыппұл салынған. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы рейдтік шараларды күшейтуді тапсырған. Аймақ басшысы аудан, қала әкімдіктері, құқық қорғау, экология және төтенше жағдай департаменттеріне «Таза Қазақстан» мен «Заң мен тәртіп» қағидатын ұштастыра отырып жұмыс істеу керегін айтқан. Сондай-ақ аумақтарды абаттандыру, заңсыз қоқыс орындарын жою және қоғамдық орындардың тазалығын сақтау жұмыстарын бақылауда ұстауды жүктеген. 

Тоқаев: «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру – конституциялық міндет

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, биыл алғашқы жарты жылда заң талаптарын бұзған азаматтарға жалпы сомасы 9 млрд 302 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Оның 7 млрд 500 миллионға жуығы өндіріліп, айыппұлды төлеу көрсеткіші 80,4 пайызды құраған. 

«Таза Қазақстан» түркі әлемінің жастарын біріктіреді: Алматыда халықаралық кемпингтің екінші күні өткен. Осыған орай аймақ басшысы бұл бағыттағы жұмыстарға ерекше мән беру керегін жеткізген. Себебі рейдтік шаралар елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға, қоршаған ортаны қорғауға және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Әсіресе демалыс аймақтары, өзен-көл жағалаулары, саябақтар мен халық көп жүретін орындар тұрақты назарда болмақ. 

«Рейдтік іс-шараларға қоғамдық ұйымдар мен жастарды да жұмылдыру керек. Экологиялық қағидаларды бұзған, коммуналдық инфрақұрылымды бүлдіріп, табиғатқа қасақана зиян келтірген құқық бұзушылар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылуға тиіс. Қоғамдық орындарда, демалыс аймақтарында және азаматтар көп шоғырланған аумақтарда бейнебақылау жүйелерін орнату шараларын назарда ұстау қажет. Халық арасында және білім беру ұйымдарында тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырамын. Демалу орындарына қоқыс тастауға, өрт жағуға тыйым салынғаны туралы ескерту тақтайшалар мен ақпараттық стендтердің орнатылуы қамтамасыз етілсін. Сондай-ақ тұрғындардан келіп түсетін өтініштерге күнделікті мониторинг жүргізіліп, олардың уақытылы әрі сапалы іске асырылуына басымдық берілуі керек», деді Марат Елеусізұлы.