"Парламентке тек түйме басып отыратын депутаттар керек емес"- тәуелсіз кандидаттар

5 313
Алматыдағы Ганди саябағында бірмандатты округтер бойынша мәжіліс және мәслихат депутаттығына кандидат болып тіркелген белсенділер алғашқы "үгіт-насихат митингісін" өткізді, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Азаттыққа сілтеме жасап.




Өздерін "тәуелсіз кандидаттармыз" деп атаған топ парламентке "түйме басып отыратын емес, нағыз тәуелсіз еркін адамдар өтуі керек" екенін алға тартып, сайлауды тәуелсіз бақылаған маңызды деді.

50-ден астам адам жиналған митингіге қала әкімдігі рұқсат берген.

Шамамен екі сағатқа жалғасқан шарада сөйлегендер сайлау жүйесіндегі кемшіліктер, билік пен халық арасында диалог аздығын, билік саяси күштердің шынайы бәсекелесуіне жол бермей отырғанын айтып, сынады.

Алғашқылардың бірі болып сөйлеген рэп орындаушы Жан Ахмадиев "депутаттарға жұмыс беруші – халық, олар халыққа қызмет етуі керек. Қазір билік өзін-өзі ұсыну арқылы (халыққа) сүйек лақтырып қойды" деп мәжіліс депутаттарының 30 пайызы ғана бірмандатты округтер бойынша сайланатынын меңзеді.

Шарада 2004 жылғы сайлаудан бері алғаш рет халықта өзін-өзі ұсыну мүмкіндігі пайда болғаны айтылып, "аз болса да, сол мүмкіндікті пайдалану керек" деген ой айтылды.

30 пайыз, әрине, мажоритар жүйе бойынша аз. Бірақ бұл – біздің билік органдарында халық үніне айналуымызға мүмкіндік, - деді "Тәуелсіз бақылаушылар" ұйымының бұрынғы жетекшісі Арайлым Назарова.


Жиында сөйлегендер Алматы қаласының сайлауға қатысу белсенділігі бойынша үнемі төмен көрсеткіш көрсететінін айтып, бұл жолы халықты белсендірек болуға шақырды, сайлауды тәуелсіз бақылаған маңызды екенін айтты. Олардың айтуынша, сайлауды неғұрлым әділ өткізудің алғышарты – сол.

"Тәуелсіз бақылаушылар" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бесжан Төлеубекұлы "сайлау әділ өтуі үшін бақылаушылар белсенді болуы керек" деді. "Сайлауда қалай дауыс бергені емес, оны қалай санағаны маңызды. Бақылаушысыз сайлау ұрлыққа жол беру болып есептеледі" деді.

Журналист Әсет Матаев парламентке түйме басып отыратын депутаттар емес, тәуелсіз, еркін ойлы азаматтар өткенін қалайтынын, заң шығару органы тәуелсіз болса, Қазақстан бай әрі бақытты мемлекетке айналатынын айтты.

Белсенді Мұхтар Тайжан тәуелсіз депутаттар жағдайды өзгертіп, реформаның іске асуына қол жеткізе алады деді. Оның ойынша, парламентке тым болмағанда 10 тәуелсіз кандидат өтсе, қандай да бір нәтижеге қол жеткізуге болады.

Биыл мәжіліс және мәслихат сайлауы аралас мажоритар-пропорционал жүйе бойынша өтейін деп отыр. Мұны билік демократияға қадам деп атаған еді. 19 ақпан күнгі митингіде кейбір белсенділер билік "бәсекелі сайлау кейпін танытуға" күш салып отырғанын, шын мәнінде сайлауды бақылау тетіктері билік қолында қалғанын айтты.

Тоқаев өзін демократ қылып көрсеткісі келеді, бізге сүйек лақтырып қойды. Сайлауда дауыс ұрлайды. Сол үшін сайлауды бақылауға тиіспіз, -  деді депутаттыққа кандидат ретінде тіркелген журналист Думан Мұхаммедкәрім.


Сарапшылар елде тіркелген жеті партия арасында шынайы оппозициялық партия жоғын айтады. Жеті партияның алтауы бір күн бұрын "әділ сайлау өткізу жөнінде меморандумға" қол қойып, "қолданыстағы заңнама аясында әрекет етуге, сондай-ақ үгіт-насихат кезеңінде ашық бәсеке жүргізуге" уағдаласқан. Партия жетекшісі Ерлан Қошанов "сайлау тартысты өтетінін" айтқан. Дегенмен бұған күмәнданатындар көп.

19 ақпан күнгі шарада сөз сөйлегендердің айтуынша, шараны өзін-өзі ұсынған кандидаттардың дербес блогы ұйымдастырған. Мұндай блок құрылатыны ресми түрде 20 ақпанда хабарланады. Блок құрамында журналист Лұқпан Ахмедияров, белсенділер Арман Шораев, Санжар Боқаев, Арайлым Назарова, құқық қорғаушы Ерлан Қалиев, журналист Думан Мұхаммедкәрім және өзгелер болатыны айтылды.

Шараны алыстан полиция қызметкерлері бақылап тұрды.

Қазақстанда кезектен тыс мәжіліс және мәслихат сайлауы 19 наурызда өтеді. Азаматтар партия атынан не жеке кандидат ретінде сайлауға түсе алады. Бір күн бұрын елде кандидаттарды тіркеу аяқталып, үгіт-насихат кезеңі басталған.

Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мәліметінше, мәжіліс сайлауына партиялық тізім бойынша жеті саяси партия атынан 281 кандидат тіркелген. Мәжіліс депутаттығына бірмандатты округтер бойынша ұсынылған 435 адамның өтініші мақұлданған. Комиссиялар 125 кандидатты тіркеуден бас тартқан. ОСК-ның түсіндіруінше, көбінің "тіркеу құжаттары толық емес".