Журналистер біліктілігін арттыру жобасы жүзеге асырылуда
«GUMOL» стратегиялық зерттеу орталығы АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігінің (USAID) қаржыландыруымен Еуразия қоры жүзеге асыратын Орталық Азиядағы Әлеуметтік Инновациялар бағдарламасы аясында «Азаматтық журналистердің азаматтық белсенділігін арттыру» атты жобаны жүзеге асыруда,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Жоба мақсаты - қазақ тілді азаматтық журналистерді жергілікті қоғамдастық мәселелерін шешуге тарту.
Аталған жоба аясында 2022 жылдың 09 - 11 тамыз аралығында қоғамдық пікір көшбасшылары, блогерлер және басқа да белсенді азаматтардың қатысуымен «Азаматтық журналистердің медиасауатын арттыру» атты 3 күндік тренинг өткізілмек. Оқыту тренингіне Қазақстанның барлық аумағынан 30 адам қатысады. Тренинг мемлекеттік тілде Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Қатысушылар тренинг барысында қоғамдық маңызды мәселелерді дұрыс көтеріп, олардың шешімін табу бойынша адвокациялық компанияларды жүргізуді, сыни ойлауды, жалған ақпаратты ажырата білуді үйренеді және ондай ақпаратты таратқан үшін жауапкершілік шеңбері жайлы білетін болады. Бұл өз кезегінде қоғамда жалған провокациялық ақпарат таралуының азаюына ықпал етеді.
Тренерлер:
Айнур Коскина, журналист, медиа-тренер, продюсер, QOSlive жобасының авторы
Асқар Ақтілеу, журналист, медиа-тренер, Тілші жобасының авторы
Гүлмира Біржанова, заңгер, Ұлттық және халықаралық медиа құқық сарапшысы
Сондай-ақ жоба аясында тренинг қатысушыларының менторлық қолдау арқылы алған білімдерін тәжірибеде қолдану мүмкіндігі болады. Қатысушылар арасында қоғамдық маңызды мәселелерді шешуге бағытталған жобаларды жүзеге асыру мақсатында шағын грант байқауы ұйымдастырылады. Ең үздік 5 жоба жалпы құны 750 000 теңгені құрайтын қаржылық көмекке ие болады.
Аталған жоба аясында қазақ тілді журналистердің пулы құрылып, қазақ тіліндегі контенттің көбеюіне ықпал етеді.
Бұл жоба Еуразия қоры жүзеге асыратын АҚШ халықаралық даму агенттігі (USAID) қаржыландыратын Орталық Азиядағы Әлеуметтік Инновациялар бағдарламасының қолдауымен ұйымдастырылған.
USAID – бұл әлемдегі жетекші халықаралық даму агенттігі және даму нәтижелерінің катализаторы. Қосымша ақпарат алу үшін USAID Орталық Азия веб-сайты мен Facebook парақшасын қараңыз.
#SICA_ISG
#GUMOL
#азаматтықжурналист
#гражданскиежурналисты
#әлеуметтікжоба