Егіз көліктің зардабын иесі тартуда

191
Солтүстік Қазақстан облысында егіз көлік табылып, көліктің иесі зардап шегіп отыр, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 



Мамлют қаласының тұрғыны Арғын Қанғожин 2021 жылдың қаңтарында Астана қаласына барып TOYOTA ESTIMA көлігін сатып алған. Ресей есебіндегі көлікті сатқан Руслан Мұқаш деген аза­матқа екі миллион жеті жүз мың теңгесін шытырлатып санап беріпті. Сол жерде сақтандыру полисін ресімдеп, көлікті басқару құқығына ие болған.

Машинаны сатып алмас бұрын Ре­сей Федерациясындағы таныстарыма ха­барласып, деректер базасынан тексе­руді өтіндім. Ондағылар дәл осы көлік есепте тұрғанын, құжаттары дұрыс еке­нін айтты. Содан соң ғана ақшамды тө­ледім. Бұрынғы иесінің жазып берген қол­хаты да бар, – дейді Арғын Қыз­даркеұлы.


Алайда сол жылдың қарашасында облыс орталығынан қала маңындағы Бескөл кентіне бара жатқа­нында оны «Южный» қосынында поли­ция қызметкерлері тоқтатып, көлігін тартып алған. Бұл әрекетін полицейлер «кө­лігіңіз басқаның «егізі» деп түсінді­ріпті. Тіпті винкод нөмірінің сәйкес­сіздігін де көрсетіпті. Бірден қылмыстық іс қозғап, машинаны айып тұрағына қойған. Содан бері жаяу қалған Арғын Қанғожиннің әділдік іздеп бармаған жері, баспаған тауы қалмапты.

Әділет министрлігі Сот сараптамалар орталығының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы жасаған сараптама көліктің Ресейде тіркелгені туралы куәліктің жалғандығын, бірақ көліктің өзі таза, ешқандай қылмысқа қатысы жоқ екенін, ешқандай деректер базасында тіркелмегенін көрсеткен.

Қалалық прокуратура анықтаға­нын­дай, бұл Toyota Сергей Лихобаба деген адамға тиесілі екен. Бірақ тіркеу куәлігі Ресей Федерациясы аумағында көлік құралын тіркеу туралы куәлікті жасау әдісіне сәйкес келмейді. Сондықтан қа­лалық прокуратура Арғын Қанғожиннің арызын қараудан бас тартқан. Сондай-ақ оған көлігін де қайтармаған. Себебі, машинаның өзі заң бойынша қылмыстық іс аяқталғанша заттай айғақ ретінде іс материалдарына қосылады.

Айтқандай, қылмыс жасаған адам табылмаса, іс тоқтатылуы мүмкін.