МИНИСТРЛІКТІҢ ШЕШІМІНЕ ХАЛЫҚ НАРАЗЫЛЫҚ БІЛДІРУДЕ

5 060

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елде киік атуға шешім қабылдады,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.


Әр жылы жаңа заң, жаңа ой мен өзгерістерді енгізіп отыратын министрлік те министр де көп. Бұлай деуге басты себеп, елімізде өткен жылы киіктерді атуға тыйым салынған болатын. Ал бүгінде атуға рұқсат берілгендігі халық арасында қызу талқыға түсуде.  Киік санын реттеу қажет, себебі ауыл шаруашылығына зиянын тигізіп жатыр, деген министр тіпті қанша киікті атуға болатынын шегелеп берген болатын.  Нысанбаев қазіргі уақытта 90-нан аса киік атылғанын айтты. Тіпті киіктердің еті комбинаттар арқылы сатылатынын да ашық  мәлімдеді.


"Биологиялық негіздемеге сәйкес, киік санын реттеудің екі түрі ұсынылды. Біріншісі — корал әдісі. Бұл әдіс  кезінде торлар орнатылады, әдетте шара күндіз өтеді. Екіншісі — түнде ату. Біз басында бірінші жолды таңдаған едік, бірақ ауа райының қолайсыздығы мен көлікті пайдаланудың қиындығына байланысты екінші әдісті жоспарладық", -  деді Нысанбаев.


Бүгінде елдегі ақбөкен саны 2 миллион 600 мың бас. Ал, Нысанбаев киіктердің етін 300 теңгеден ет комбинаттарына өткізетінін айтып әлек. Алайда, пайда табуды көздемейміз,  тек шығынымызды жапса болды деген министр елде киік атуға мораторий жарияланғанынан бейхабар болғаны ма?  Бұл құжат 2023 жылдың аяғына дейін күшінде. Экологтар билік киік атуға рұқсат берген күннің өзінде жануарларды барынша сақтап қалуға күш салғаны дұрыс деп санайды.


2022 жылы шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сол кездегі экология министрі Серікқали Брекешевке киіктер популяциясын "ату" арқылы реттеу туралы шешімі үшін сөгіс жариялаған болатын. 

Ақбөкен – өз тарихында өте ерекше түр. Тіпті соңғы уақытта – соңғы жүз жылда түрлер санының үлкен ауытқуын бастан өткерді. Қазақстанда ақбөкендер жоғалып кеткен бірнеше кезеңдер болды. Бұл 90-шы жылдары да, 2000-шы жылдардың басында да кездесті және оған әрдайым әртүрлі себептер әсер етті. Ең қызығы, мұндай жағдай 70-ші жылдары болған. Сол облыстардың билігі үкіметті киіктерді олардың санын реттеу және азайту үшін атуға шақырды. Сонымен қатар, олар ақбөкендердің жергілікті тұрғындарға тиесілі жерде жүретіні туралы эмоционалды мәлімдемелер қолданады немесе киік елдің азық-түлігіне қауіп төндіреді деген сөздер айтады.

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақберен Елгезек киелі киікке араша түсті. «Киік − қазақ даласының киесі. Киік − ол Қазақ. Киікті атқаның − қазақты атқаның. Табиғаттағы тепе-теңдікті реттейтін жаратушы Тәңір, адам емес. Ал әгәрәки, адам Тәңірінің ісіне араласса, онда оны Құдай тас төбесінен ұрғаны. Қорықпаңдар, далаға киік қаптаса, ол басқа жаққа өзі-ақ шұбырып көшеді. 

«Мәселені» жауыздықпен шешкен адамның оңғанын көргем жоқ. Киікті қынадай қырған екі адам туралы білемін. Екеуінің де өмірі дұрыс аяқталған жоқ. Ал егер мемлекет киікті қырам десе, оған да зауал келетіні толықтай аян. Байқаңдар! Ойланыңдар! Құрығанда осыған шешім шығарған адам өз үрім-бұтағын ойласа нетті…» − деп жазды ақын.


Міне, осындай сөздермен киікті қорғағандар, қазақты бақытсыздықтан құтқарғысы келгендер қатары көп қазір. Бұған дейін де қазақ даласында жазықсыз жануарды заңсыз қырып, мүйізін ақшаға сатып, киесінен қорықпағандар аз емес еді. Ал енді бұл жануарды атуға мемлекеттің өзі рұқсат берген кезде қазақ қоғамы барынша қарсылық білдіруде. Себебі, киік – қасиетті аң.