Қостанайда мектеп директоры мемлекетке келтірілген шығынды он есе өтемек
270
Қостанай қаласындағы №122 орта мектептің директоры қаржы жымқырғаны үшін сотталды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі мәлімдеді.
Сот сотталушы М.-ның 2019 жылдың қазан айынан 2021 жылдың қаңтар айына дейінгі аралықта қызметіне байланысты сеніп тапсырылған жалпы сомасы 1 955 300 теңге бюджет қаражатын бірнеше рет ұрлап, иемденгенін анықтады.
Сотталушы өз кінәсін мойындамады. Сот отырысында прокурор сотталушы М.-ны екі жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Үкiмдi тағайындау кезiнде сот сотталушының жауапкершiлiгi мен жазасын жеңiлдететiн мән-жайларды, алғашқы соттылығын, отбасылық-материалдық жағдайын, оң сипаттамаларын, денсаулық жағдайын назарға алды.
"Сотталушы М.-ның мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы ауыр сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағанын, кінәсін мойындамайтынын және жасаған ісіне өкінбейтінін ескере отырып, сот оған ұрланған мүлік сомасының 10 еселенген мөлшерінде айыппұл салу түріндегі жаза тағайындады. Мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, мемлекет кірісіне 19 553 000 теңге айыппұл төлейді", - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.