Павлодарда жаңа жылға орай 80 миллион теңге бөлінген: Облыс әкімі қаржының "ысырапшылық" емес екенін айтты
239
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Павлодарда биыл жаңа жыл мерекесін тойлауға жұмсалатын қаржы туралы пікір білдірді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Бұған дейін Павлодарда биыл жаңа жыл мерекесін тойлауға 80 млн теңгеден астам қаражат жұмсалатыны айтылған. Ал тұрғындар қомақты қаржыны босқа шашу деп санап, бұны “ысырапшылық” деп атаған.
Алайда облыс әкімі бұның ысырапшылық емес екенін айтып, қаржының басқа да мақсаттарға жұмсалатынын айтты.
“Бұл сома тек жаңа жылға арналған шығындар туралы ғана емес, Павлодарды жарықпен безендіру және оған жыл бойы қызмет көрсету бойынша жұмыстарды қаржыландыруға жұмсалады. 2021 жылы осы мақсаттарға 58 миллион 240 мың теңге бөлінді. Бұл сомаға қала көшелеріндегі иллюминацияны орнату шығындары да кіреді. Қолданыстағы иллюминацияны қалпына келтіру және жаңа объектілерде динамикалық жарықтандыруды монтаждау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жаңа жылдық жарықтандырудың 575 элементін қалпына келтіру және орнату қарастырылған. Бұл қала көшелеріндегі жарық динамикалық композициялар, субұрқақтардың дизайны, қаланың саябақтары мен тынымбақтарындағы, жағалаудағы және т.б. нысандардағы жарық элементтер”, – дейді Сқақов.
Сондай-ақ, әкімнің айтуынша облыс орталығында Жаңа жыл мерекесіне орай үш шырша орнатылады.
“Бас шырша қаланың орталық алаңында, тағы екеуі шағын аудандарда орнатылады. Бұл жұмыстарды қаржыландыру сомасы 16,6 миллион теңгені құрайды. Бұл сомаға шыршаларды монтаждау және демонтаждау жұмыстары кіреді”, – деді әкім.