Перуашев олигархтар ұрлаған ақшаның көлемін жариялады

405
Мәжілістегі "Ақ жол" фракциясы президенттің "олигархтар халықпен бөлісуі керек" деген бастамасын қолдайтынын мәлімдеді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

"Деолигархизация Қазақстандағы саясаттың бір бөлігіне айналуы керек. Бірақ шағын бизнеске салықтық қысым жасау арқылы олигархтарды іздеудің қажеті жоқ, құрметті салықшылар! Ол адамдар бюджеттен ештеңе ұрлаған жоқ. Офшорда жеке ұшақ пен яхтаны тығып отырған жоқ. Мыңдаған кәсіпкердің басын қатырып, халықтың банк картасымен аударатын тиын-тебенді бақылаудың орнына миллиардап ақша ұрлайтындармен айналысқан дұрыс", - деді депутат Азат Перуашев мәжілістің жалпы отырысында.

Оның ойынша, жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін шағын бизнеске кассалық салық салудан бас тарту қажет. Қосарланған құн салығының шегін төмендетуді де тоқтатқан жөн.

"Соның бәрін кәдімгі патентпен алмастыру қажет. Ондайда салық органдары бір жылда төленетін салықты анықтайды. Ал кәсіпкер ол патентті сатып алады, болды, оған ешкім тиіспейді. Тексеріс жасап, басын қатырмайды. Кассалық есепшоттарды Ashyq-пен салыстырмайды. Мейлі, 5-500 теңгеге артық пайда тапсын, онда тұрған ештеңе жоқ. Есесіне миллиондаған адам ешбір кедергісіз және бюрократиясыз өз ісін аша алады. Міне, кедейшілікті осылай азайтуға болады. ", - деп атап көрсетті Перуашев.

Депутат ұсақ және шағын бизнесті патентке ауыстыру арқасында мыңдаған жұмыс орны ашылады деп санайды. Тіпті, жұмыспен қамту бағдарламалары аясында жасалмаған жұмысты тындыруға болады.

"Ол бағдарламаларға миллиардтаған ақша бөлінген. Бірақ басым бөлігі ұрланып тұрған. Бизнесті патентке ауыстырса, салықшылардың қолы босайды. Олар нақты жемқорлар мен олигархтарды ұстап, ұрланған ақшаны қайтаруға тиіс. Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша ол ақшаның көлемі 160 миллиард долларды құрайды және Қазақстанның бір жылдық ішкі жалпы өніміне тең. Міне, бюджет кірістерінің резерві сонда жатыр. Үкімет пен фискалдар сол жерде өз табандылығын танытуы шарт", - деді Перуашев.

Депутат Азат Перуашевтің айтуынша, соңғы кезде салық салу саласында әділетсіздік анық байқалады. Кәсіпкерлерден қажетсіз қағаздарды талап етеді, есепшотты бұғаттайды. Ақыр соңында табысты бизнесті банкротқа ұшыратады.

"Банк карталарынан жасалатын төлемдер де қатаң бақылауға алынды. Ал қосарланған құн салығының шегін төмендеткеннен кейін инфляциялық процестердің салдарынан ұсақ бизнеске, тіпті, көшеде шөп-шалам сататындарға да салық төлеуге тура келеді. Демек, іс жүзінде бизнеспен айналысу тиімсіз және қауіпті болады", - деді Перуашев.