«Қалаішілік бағытқа 1 млрд теңге субсидия бөлінді»

733
Қызылорда қаласында үлкен сыйымдылықтағы көліктер тапшы, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Бүгінгі таңда Қызылорда қаласы бойынша қоғамдық көліктің жетіспеушілігі өзекті  мәселеге айналып отыр. Расында, қоғамдық көлікке  келіп жатқан арыз-шағымдар әлеуметтік желілерде жиі жазылып жүр. Аталмыш мәселеге орай Өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өтті. Жиынға қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бауыржан Оспанов қатысты.


«Қоғамдық көлік сапасын жақсарту бағытында 2021 жылдың соңында жеке тасымалдаушылардың 21 бағыты әлеуметтік маңызы бар бағыт ретінде танылды. 2022 жылға әлеуметтік маңызы бар 26 бағытқа 1 млрд теңге субсидия бөлінді»,- деді Бауыржан Оспанов.

Сонымен қатар, жаңадан бой көтерген мөлтек аудандар мен шалғай  елді мекендерді қоғамдық көлікпен қамту мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған болатын. Жол сызбасын оңтайландыру жұмыстары барысында Белкөл, Байтерек, Саяхат мөлтек аудандары мен ПМК-29, ПМК-66, Сабалақ саяжайлары толық қоғамдық көлікпен қамту мақсатында тиісті шаралар атқарылуда.
Дегенмен, қоғамдық көлік мәселесі қала тұрғындарын алаңдатып отыр.


«Саяхат мөлтек ауданынан қатынайтын 19-шы маршрут неге тоқтап қалды? Ол мөлтек ауданда қаншама халық тұрады. Тұрғындардың қала орталығындағы жұмысқа, мектепке қатынауы қиын болып тұр. 19-шы маршруттың жұмысы қолға алынса екен», - деді қала тұрғыны Раушан Қалжанова.

Ал Ақмарал Қызбалаева есімді тұрғын қоғамдық көлікте қауіпсіздік шаралары сақталмайтынын жеткізді.
«Өткенде 14 маршуттың есігі жабылмай Комсомолға (Қызылжарма ауылы ред.) дейін ашық барды. Аяғым түнімен сырқырап, ауырып шықты. Егер автобустары жарамсыз болса, неге алып тастамайды. Екі ортада күнделікті  мініп жүрген халық қиналуда» - деп ашынды Ақмарал Қызбалаева.


Еске салсақ, 2017 жылы жаңа автобустардың техникалық және санитарлық жағдайы елдің сұранысына сай болуы үшін облыстық бюджеттен 2 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымында жарияланған https://egemen.kz/article/156967-qyzylordada-dganha-ulgidegi-avtobus-parki-ashyldy болатын.   Қанша жерден әлеуметтік маңызы бар көліктерге миллиардтап қаржы бөлінсе де, баяғы жартас сол жартас күйінде болғаны ма?


Қалада тұрғындар көбейген сайын жүру қозғалысының да артатыны анық.  Осы орайда, қаламызда үлкен сыйымдылықтағы қоғамдық көліктердің   жетіспеушілігі жұртшылықты қынжылтып отыр. 


«Автобустар қашан жаңартылады? Қаланың жаңа аумақтарын қоса отырып, схема, яғни карта жасалып жатыр деп айтылғанына бір жыл болды? Схема қашан дайын болады?» - дейді қоғам белсендісі Жансая Нұрқожа.


Расында, қаламыздағы қоғамдық көліктер ескірген. Тіпті, ескіргені соншалықты діттеген жеріңе жете алмай  жарты жолға келіп бұзылып жататындығы тағы бар. Осы ретте:
«2 жеті болды 17 маршрут біресе өртенді, біресе жолда бұзылып қалып жатыр. Қоғамдық көліктерге  техосмотр, ремонт керек. Одан қалды шоферларының қолдарынан телефон түспейді. Неге басшылық қадағаламайды» - дейді қала тұрғыны Амина Дарханқызы.



«Осы автопаркке келген автобустар, сендер келгенен бері баратын жерімізге жете алмай жүрміз. Бұрынғы жеке меншік автобустар жақсы еді. Конечкіге барсаң толып тұратын еді, қазір конечкіге барсаң автобус жоқ, күтіп тоңып қаласың. Күте-күте тоңғаннан 15-20 жаяу жүріп, болмаған соң басқа маршрутқа мініп кетеміз» - дейді Айзат Әбдіғаппарқызы.

 Қазіргі таңда қаламызда ресми тіркелген 135 қоғамдық көлік бар. Осы аталған көліктің барлығы өзіндік жүру қозғалыстарын уақытылы жүргізілсе, халық мұнша қиналмас па еді?

«Бүгінде 55-66 қоғамдық көлік өз жұмысын жасаса, қалған 48 көлікке күрделі жөндеуді талап етілуде. Араларының ұзақтап кетуі осы автобустардың жетіспеушілігінен», - дейді «Қызылорда Автобус паркі» ЖШС директоры Руслан Ерсұлтанұлы.


Шынында, тұрғындар қоғамдық көліктің жетіспеушілігінен аялдамада сағаттап күтіп  тұратынын жиі байқаймыз. Жыл сайын қоғамдық көлікке  мемлекет қаржысынан миллиардтап қаржы бөлінсе де баяғы маршрут жырының әуені  әлі де аяқталар емес! Одан қалды тұрғындардың қоғамдық көлікке сыймай қалатындығын қайтесіз? Сонымен қатар, қала тұрғындары қоғамдық көліктің жетіспеушілігінен бөлек, кондукторлардың халықпен қарым-қатынасының ретсізділігіне де наразы.


Қорыта келе, тұрғындардың жыл бойы басшылыққа айтылып келе жатқан ұсыныстары биылдан қалмай реттеліп,   өз нәтижесін көрсетсе нұр үстіне нұр болары анық. 

АЙБАР