«Бір ұрпақтың көз алдында Аралдан айырылдық, енді Сырдарияны жоғалтсақ...» - депутат

441
Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы парламентте оңтүстік өңірлердегі су тапшылығы мәселесін көтерді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Skif News сайтына сілтеме жасап.

"Бір ұрпақтың көз алдында Арал теңізінен айырылып қалдық. Енді жағдай осы күйі кете берсе, қарт Сырдария өзенін жоғалтып аламыз. Бұл дегеніміз – адам көз алдына елестете алмас апат. Түркістаннан Ақтөбеге дейінгі алқап екінші қу мекен, бетпақдалаға айналады деген сөз", – дейді сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы.
 

Ол парламентте оңтүстік өңірлердегі су тапшылығы мәселесін көтерді.

"Құрметті Әлихан Асханұлы (Смайылов – авт.), үкімет басшысы ретінде су саясатын мықтап қолға алмасаңыз ертең кеш болады. Трансшекаралық су мәселелерінде Қазақстанның мүддесін бермеуіміз керек", – дейді депутат.

Ол Қызылорда облысы халқының негізгі бөлігі Сырдария өзенінде тұратынын және олардың табыстары өзен экожүйесімен тікелей байланысты екенін атап өтті. Осыған байланысты, облыс тұрғындары қалыптасқан жағдайдың нашарлауына қатты алаңдайды. Сондықтан сенатор мемлекетаралық деңгейде су жеткізу мәселесін жедел шешуді өте маңызды деп санайды.

"Арал-Сырдария бассейнінің мемлекеттері Сырдария өзенінің төменгі ағысына су жіберу бойынша қабылдаған халықаралық шарттар мен міндеттемелер орындалмайды. Кейінгі жылдары Қызылорда облысында су тапшылығы өте күрделі. Былтыр Шардара су қоймасына келісілген су көлемінің 57%-ы ғана келіп түсті. Биыл жағдай одан да күрделі болатыны қазір түсінікті. Ақпанның басында Шардара су қоймасында былтыр 3 млрд 840 млн куб су болса, биыл 430 млн куб кем. Көксарай су реттегішінде былтыр 651 млн куб су жиналса, биыл 24 млн, яғни 630 млн куб су кем жиналған", – дейді Бақтиярұлы.  

Оның айтуынша, қазіргі кезде Кіші Аралдың су көлемі 2015 жылға қарағанда бес милллиард куб азайып, жағалаудан 20 метрге дейін тартылып кетті. Облыс көлеміндегі 200-ден астам көлдердің 14-і толығымен тартылып, қалғандарының суы 50%-ға дейін азайған.