Кәсіпкерлерге арналған электронды дүкеннің қызметі түсіндірілді
Бүгінде елімізде онлайн қызметтерге сұраныс артқан, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Осыған байланысты бірқатар кәсіпкерлер сату арналарының бірі ретінде – интернет-дүкендерді таңдағанды жөн көреді. Мұның себебі де жоқ емес. Бұл қазіргі таңда азаматтардың сауда жасауына ыңғайлы әрі тиімді екенін дәлелдеп отыр.
Осы орайда, қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің ұйымдастыруымен жергілікті кәсіпкерлерге «OMarket.kz» электронды дүкенінің қызметтерін түсіндіру жұмыстары қолға алынды. Бұл ретте қала кәсіпкерлеріне 26 наурыз бен 27 наурыз аралығында арнайы оқу-семинары өткізілді.
Семинар барысында «Nyssa» ЖШС-нің сарапшылары қатысушы кәсіпкерлерге электронды дүкенді қолдану жолдарын, оның тиімділігін айтып берді. Сонымен қатар, платформаға тіркелу жолдары, сауда жасау, тапсырысты рәсімдеу барысы да түсіндірілді.
Мамандар аталған платформаның бірнеше пайдалы тұстарын ерекше атап өтті. Әсіресе, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін оңтайландыра отырып, жеткізушілер мен тапсырыс берушілер арасында сенімді әрі уақытты үнемдей отырып қажетті тауарды сатып алуға мүмкіндік беретінін айтады.
Мемлекеттік сатып алудың «электронды дүкен» түрі енгізіледі. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымында ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Осы негіздемені (жаңарту тәртібімен шығарылатын мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сатып алу; ҚР заңнамасында айқындалған тұлғадан мүлікті сенімгерлік басқару жөніндегі қызметтерді сатып алу; 100 АЕК дейін тауарларды, сондай-ақ 500 АЕК дейін жұмыстар мен қызметтерді сатып алу) алып тастау «электрондық дүкен» түрінде сатып алудың жаңа тәсілін енгізу жолымен өтелетін болады. Ол мұндай тауарларды, жұмыстарды 1 жұмыс күні ішінде бәсекелестік негізде сатып алуға мүмкіндік береді«, - деді вице-министр.
Бұл ретте Тауарларды электрондық дүкен арқылы сатып алуды мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы жұмыс істеп тұрған интернет-дүкендер базасында жүзеге асыру ұсынылады.