Шенеуніктер уәдесін орындамағандықтан Алматылық мың жарым бала онлайн білім алуда
257
Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Гүлдала ауылында мың жарым оқушы онлайн білім алып жүр, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Ауылдағы жалғыз мектеп мамыр айында күрделі жөндеуге жабылған. Ата-аналардың сөзінше, аудандағы атқамінерлер 1 қыркүйектен бастап балаларды өзге үш мектепке тасымалдайтын автобус мәселесін реттеуге тиіс болған. Тіпті сол үшін бюджеттен 22 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Дегенмен шенділер көпшілікке берген уәдесін орындамаған
Қазір Аида Әзизованың мектеп жасындағы үш баласы онлайн сабақ оқиды. Өйткені ауылда интернет жөнді істемейді. Одан қалса, жарық та жиі сөнеді. Осылайша оқушылар WhatsApp арқылы мұғалімнен тапсырма алып, үй жұмысын видеомен жіберіп жүр.“Директор “Тендер болды, мынау болды” деп бізге күн сайын айтады. Бірақ еш нәтиже жоқ. Ал зардап шегіп жатқан – балалар”, – деді Гүлдала ауылының тұрғыны Аида Әзизова.
Үйден оқытуға мүмкіндігі жоқ жұмысбасты ата-аналар балаларын ескі ғимаратқа жібереді екен. Осында бірігіп, оқушылар онлайн сабақ өтеді. Ата-аналардың арасынан бір адам жеткіншектердің басы-қасында жүріп, үй тапсырмасын қадағалаумен айналысады. Ауыл балаларының бұлай қиналуы мектеп директорының кесірінен дейді жұрт.
“Директордың сөзіне басында сеніп қалдық қой. “Тасымалдау болады, бар баланы жинап автобуспен апарамыз, қайтып алып келеміз, ешқандай мәселе болмайды” деп алғашқы қоңырауда бүкіл халықтың алдында сөз берген. Сөзінде тұрмады. Бір ай өтті, бірінші тоқсан бітейін деді”, – деп қосты Нұржәмилә Додаева.
Ата-аналардың айқай-шуына мектеп директоры да келген. Құжаттарын көрсеткен ол келес күннен бастап оқушыларды тасымалдйтын автобус келетінін айтты. Десе де жұрт директордың сөзіне мүлде құлақ аспады.
“Балалар үш мектепке тасымалданып оқытылады. №33, 17 және 24-ші мектептерге. №33 пен 17-ші мектеп Панфилов ауылында, 24-ші мектеп Қызыл ту ауылында”, – деп мәлімдеді №21 орта мектептің директоры Қуан Айтбаев.
Аудандағы атқамінерлер де ертеңнен бастап ауылға 54 орындық жеті автобус жүреді деп сендірді. Алайда тасымалдау мәселесінің бұлай ұзақ уақыт шешілмеуін сөзінен шатасып әрең түсіндірді. Оның өзінде де қағаз бен құжаттарға қараумен болды.
Біз осымен байқауға төртінші рет беріп отырмыз. Бірінші байқауда жеңімпаз атанған жеке кәсіпкер тасымалдаудан бас тартты. Одан кейін біз қайтадан байқауға жібердік. Ол кезде камера кеңсесі, конкурсқа қатысу тәртібінен сәйкес келмейтін тексеруден өтпей... Қалай айтады? Бас тартты”, – деді Талғар ауданы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ләззат Құрманбаева.
Біз осымен байқауға төртінші рет беріп отырмыз. Бірінші байқауда жеңімпаз атанған жеке кәсіпкер тасымалдаудан бас тартты. Одан кейін біз қайтадан байқауға жібердік. Ол кезде камера кеңсесі, конкурсқа қатысу тәртібінен сәйкес келмейтін тексеруден өтпей... Қалай айтады? Бас тартты”, – деді Талғар ауданы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ләззат Құрманбаева.
Гүлдала ауылындағы мектеп оқушыларын өзге үш білім ордасына тасымалдауға мемлекет бюджетінен 22 миллионға жуық теңге бөлініпті. Ал тасымалдайтын компания байқауда 11 миллион 500 мың теңгемен қызметін ұсынған. Білім бөліміндегілер "қалған қаражатты үнемдедік" деп отыр.