Сырдария ауданының тұрғыны матаға сурет салу кәсібін бастаған

1 335

Фото: Сырдария Ауданының ӘкімдігіЗаман талабына сай жаңа технологиямен өз кәсібін дөңгелетіп отырған Жарқын Сапарғалиұлы матаға сурет басып шығару өнерін кәсіпке айналдырған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Істің ебін тапқан кәсіпкер бастапқыда түрлі салада бақ сынаған. Негізгі мамандығы – техник-механик. Алғашқыда механизатор, көлік жүргізушісі болған ол жеке мекемеден қолдан бұйым жасауды үйреніп, тәжирибе жинай отырып осы кәсіпті қол етеді. Кейін өзінің қаражатына бизнесіне қажетті шағын құрал-жабдықтар сатып алып, кәсібін одан әрі жандандырады.

«Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, кәсіптің көзін тапқан бесаспап шебер матаға сурет басып шығарумен қатар, ағашқа түрлі өрнек салып, бұйымдар жасайды. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп дәл осы кісіге қарата айтылғандай.

«Кәсіпкерлік – дара қызмет. «Қалауын тапса қар жанар» демекші, осы істі кәсіпке айналдырғаныма екі жылдай болды. Алғашында өзім сатып алған құрал­дармен ағаштан бұйымдар жасап жүрдім. Халықтың сұранысы күннен-күнге артқан кезде құралдарды жаңар­тып, қосымша жабдықтар алу қажет екенін аңғар­дым. Кәсіпкерлік мақсатта жеңілдетілген несие беретін мекемелердің жұмысымен танысып, ыңғайлы қаржы ұйымын іздедім. Осы орайда, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының талаптары көңі­лім­нен шықты. Және де қажетті құжатты жинақтап, тиісті қаржыны алуға көп уақыт кетпеді. Мемлекеттік бағдарлама аясында 6 пайызбен 15 млн теңге алдым. Бұл қаржыға сурет шығаратын, матаға сурет басатын және лазерлік станоктар алдым. «Кәсіп түбі – береке», алдағы уақытта кәсібімді одан әрі кеңейтіп, үйренемін деген жастарды үйретіп, жұмыс көзімен қамтамасыз еткім келеді, – дейді жеке кәсіпкер Жарқын Сапарғалиұлы.

Кәсіптің көзін тапқан іскер жанның өнімдері тек облыс бойынша емес, еліміздің басқа қалаларында да жоғары сұранысқа ие. Ұлытау, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Түркістан облысы мен Алматы, Шымкент қаласының тұрғындары өнімге тапсырыс беруде. Матаға салған суреттері мен ағаштан жасалған шежіре жазылған тақтайша, сағат, сувинир бұйымдарына тұтынушылар әлеуметтік желі арқылы көріп, онлайн тапсырыс береді екен. Ал матаға салт-дәстүрге сай сурет түрі таңдалады.

Кез келген істі бастаған сәтте тек қаражат көзі ғана емес, қасыңда сенім білдіретін отбасыңның қолдауы маңызды. Жарқын Сапарғалиұлының жары Айнұр Алиева да қолынан өнер тамған шебер тігінші. Оның да негізгі мамандығы – қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі. Бүгінде Қызылорда қаласындағы мектепте тәрбиеші болып жұмыс істейді. Тәрбиешілікпен қатар үй шаруасын да қатар алып жүрген, өзі қалаған іспен қосымша айналысатын ұстаз-ана Айнұр Алиеваның хоббиі – тігіншілік. Әрқашан ізденіс үстінде жүретін жанның бір қыры – тігін тігіп, кәсіппен айналысу.

Тігін тігу менің бала кезімнен келе жатқан сүйікті ісім. Карантиннің кезінде үйде құр отырмау үшін тігін тігудің қыр-сырын үйреніп, тәжірибемді жетілдірдім. Үйде кішкентай тігін машинам бар еді, сонымен бастап кеттім. Кейіннен жеңілдетілген несиеге сапалы, заманауи тігін машинасын алып, кәсібімізді дөңгелетіп жатырмыз. Жылдан жылға қолымнан шыққан қыз жасаулары мен тойтабаққа және сыйлыққа арналған ескерткіш бұйымдарды сұраушылардың қатары артуда. Айына сувинир бұйымдардың 300 данасына дейін жасайтын кезім болады. Шүкір, бүгінде тапсырыс тек еліміздің азаматтарынан ғана емес, шет елден де түсіп жатыр. Жақында ғана Ресейге өнімдерімді жібердім. Алдағы уақытта жасап жатқан кәсіпті одан әрі кеңейткім келеді, – дейді шебер Айнұр Алиева.

Бір-бірін сөзсіз түсінетін ерлі-зайыптылар кәсіпкерлік саласында бірге жетістікке жетіп, ауылдың өсіп-өркен­деуіне өз үлесін қосуға мүдделі.

Сырдария ауданының Нағи ауылында тұратын жас кәсіпкер әйел өзінің шығармашылық қабілетін бизнестің қайнар көзіне айналдырды. Ол матаға сурет салу арқылы өз ісін ашып  аймақтағы сән индустриясына жаңалық алып келуде. Бұл кәсіп әсіресе, қолөнерге және ерекше, бірегей өнімдерге қызығатын жандар үшін үлкен сұранысқа ие болуда. Кәсіпкер матаға сурет салу процесін үлкен шығармашылықпен атқарады. Таңдаған маталары жоғары сапалы ұзақ уақыт бойы өз түрін сақтайтын материалдар.