Қорғаныс министрлігі: Біз Ресейді де, Украинаны да қолдамаймыз
391
Қорғаныс министрлігі Қазақстанның Ресейді де, Украинаны да қолдамайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Қазақстан соғыс болып жатқан Украинаға әскер жіберу жайын қарастырған емес. Өйткені, бұл мәселеде бейтарап ұстанымда.“Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ. Біз екі мемлекетті де қолдамаймыз. Ресейді немесе Украинаны қолдауға бізде негіз жоқ. Бұған қатысты ешқандай мәселе болуы мүмкін емес”, – дейді Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов.
Әлеуметтік желілерде қазір қазақ сарбаздары мен әскери техника Украинаға жіберілгелі жатыр деген ақпарат желдей есіп тұр.
Бірақ, Қорғаныс министрлігі бұның шындыққа сәйкес келмейтінін айтты. Дәл осы уақытта жыл сайын болатын оқу-жаттығу басталып, ел ішінде әскери техника арлы-берлі үздіксіз жүріп жатыр. Мысалы, Қарағандыдан Жамбыл облысындағы Гвардейск гарнизонына, сондай-ақ Алматыдан Ақтау гарнизонына әскери техника жіберілген. Осыны видеоға түсіргендер әдейі қауесет таратыпты.
“Парламенттің қаулысы қабылданғанға дейін Қорғаныс министрлігі әскери контингентті қандай да бір мемлекетке жіберуге өкілеттілігі жоқ. Қорғаныс министрлігі бұл мәселе бойынша келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ. Қазір ел ішінде жеке құрамды ауыстыруға, оқытуға, жаттықтыруға қатысты Қазақстан Қарулы Күштерінің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік даярлығын арттыру шаралары жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Оның уақыты осы оқиғаларға сәйкес келіп тұр”, – дейді қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов.