"Нағыз тозақ!" Ақтөбелік жүздеген отбасы жатақхана жағдайына шағымданды

296
Ақтөбеде жүзден аса отбасы тозығы жеткен жатақхананы паналап отыр. Көпқабатты үйдің шатыры жұқарған, жаңбыр жауған сайын пәтерлер суға толады, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Жатақхана 80-жылдары салынған. Сыртынан білінбегенімен іші қараусыз қалған ғимарат секілді. Тозығы жеткен қабырғалар, салбыраған сымдар, жаңбыр мен кәріз суларының шалшықтары ғимаратты қорқынышты фильмдер жиынтығына ұқсатады.
Бесінші қабатта тұратын Насиба Үбиева таң атқанн төбеден аққан сумен алысатынын айтып шағымданды. Аядай бөлме ылғал тартып тұратындықтан қырқынан шықпаған сәбиінің өкпесіне салқын тиіп, ауруханада жатып шыққанын айтады. Насибаның көршілері де қолынан шелек пен шүберек тастамайтын көрінеді.

"5-4 қабаттарда 10 легеннен қойған, мына жартысының өзіне сарылдап су ағып жатыр. Жертөле шіріп жатыр, біреуінде әйнек жоқ. Подъездерді қара. Снаряд кіріп кеткендей", - дейді жатақхана тұрғыны Құдайберген Өмірсерікұлы.

Мүмкіндігі барлардың бәрі бөлмелерін тастап кеткен. Жатақханада барар жері жоқтар - жалғызбасты зейнеткерлер мен көп балалы отбасылар қалды. Қираған үйді өз күштерімен жөндей алмайды. Тұрғындардың сөзінше, әкімдік ғимаратты апатты деп санамайды.

"Токтардың бәрі жалбырап тұр. Кімге айтарымызды білмейміз. Ешкім дұрыс жауап бермейді", - дейді тағы бір жатақхана тұрғыны Орынгүл Аңызбаева.

Әкімдік өкілі жатақхана тұрғындары қимылдаса, келесі жылы терможаңғырту бағдарламасымен жөнделетін үйлердің тізіміне кіретінін жеткізді. 

Биыл облыста жаңғырту бағдарламасы бойынша үйлерді жөндеуге республикалық бюджеттен 1 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Бұл ақшаға Ақтөбе облысындағы 26 көпқабатты үй қалпына келтірілмек.