Қызылордада кәсіпкерлікке бет бұрғандар саны көбеюде
Бүгінде Қызылорда облысындағы елді мекендерде кәсіпкерлікке бет бұрғандар жетерлік. Солардың бірі – Тасбөгет кентінің тұрғыны Молдашова Жанар Маханбетжанқызы. Ол 2015 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, халыққа қажетті құрылыс тауарлары дүкенін ашты. Бұл іспен айналысқанға дейін ол 10 жылдан астам уақыт бойы туыстарының дүкенінде сатушы болып жұмыс істеген, - деп хабарлайды "Opennews.kz"ақпарат агенттігі.
Қазір кәсіпкердің дүкенінде арнайы қоспалар, цемент, праймер, гипс, алинекс, бояулар, шелектер, әртүрлі құрылыс құралдары, роликтер, шпательдер, балғалар, шегелер, бұрғылар, бұрағыштар сияқты құрылыс материалдарының барлық түрі даналап сатылады. Бұл жерден кент тұрғындары жұмыс тапқан.
Өткен жылы кәсіпкер тауар ассортиментін арттыру мақсатында «Қазақстан Халық Банкінен» несие алды. Жобаны «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Даму» Қоры қолдап, соның арқасында кәсіпкер қарызды тек 6 пайыз мөлшермен төлейді. Ал айырмасын мемлекет субсидиялайды.
Тасбөгет кентінің тұрғындарына қажетті заттарын осы дүкеннен сатып алған тиімдірек. Өйткені, дүкен тауарлары қол жетімді бағада сатылады.