Түркістандық бір топ жас алты баланың анасына үй салып берді
Түркістандық жастар Қасиетті Рамазан айында 6 перзенттің анасы Нұргүл Әлібаеваға 4 бөлмелі үйдің кілтін табыс етті.
Көпбалалы ана бірнеше жылдан бері пәтер жалдап күнелтіп келген.
2017 жылы күйеуі өмірден өткен жалғызбасты ана Ерғазы, Ерасыл, Ералы, Ербұлан, Ерсұлтан және Қарақат есімді ұл-қызды тәрбиелеп отыр.
Өз кезегінде қайырымды істің шарапатын көрген Нұргүл Жұмабайқызы жақсылыққа жаны құмар жандарға алғысын білдірді
"Құрылыс жұмыстарын түгелдей өзіміз жүргіздік. Ақылдаса келе жаңа үйді көпбалалы анаға сыйлауды жөн санадық. Баспаналы болып, төбесі көкке екі елі жетпей тұрған отбасы мүшелерінің жүзіндегі қуанышты көріп, марқайып қалдық. Көпшілікпен жиналған қаражатқа үйді заман талабына сай етіп тұрғыздық. Атсалысқан барлық азаматтарға, демеушілерге Алла разы болсын", — деді ұйымдастырушылардың бірі Жалғас Сабыров.