1000 түп ағаш көшеті егілді

1 511

"Таза Қазақстан" республикалық акциясы аясында Сыр өңірінде "Таза Қазақстан - таза аймақ" экологиялық науқаны бастау алды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Науқан аясында 6-13 сәуір аралығында «Таза өлке» санитарлық тазалық шарасы өтуде. Мемлекет басшысы бұған дейін облыстар мен қалаларды абаттандыру және көгалдандыру жөнінде науқанды бастауды тапсырған болатын.


Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында 5 жыл ішінде елді мекендерге 15 млн түп ағаш отырғызуды тапсырған болатын. Осыған сәйкес, Қызылорда облысының елді мекендерін көгалдандырудың және жасыл аймақтар құрудың 2021-2025 жылдарға арналған өңіраралық жоспары бекітілді.


Жоспарға сәйкес 2024 жылы елді мекендер аумағында 100,1 мың дана, жасыл аймақ құру бойынша 108,6 мың дана ағаш көшеттерін егу жоспарланып отыр.


Президенттің тапсырмасына сәйкес бүгін облыс көлемінде санитарлық тазалық акциясы ұйымдастырылып, Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда 1000 саялы ағаш көшеті таратылып, отырғызылды. Аталмыш акцияға облыс әкімінің орынбасары Б. Жахановта үн қосып, қаламыздың сол жағалауында құрылысы салынып жатқан жаңа автовокзал ғимаратының аумағында тазалық шарасына қатысып, ағаш екті.


Облыс бойынша орман молықтыру және жергілікті жердегі көгалдандыру жұмыстарына қажетті көшеттермен қамтамасыз ету үшін 8 орман шаруашылығы мекемелерінде 158 га уақытша тұқымбақтар орналасқан, барлығы 17,5 млн дана әртүрлі жергілікті жерге жерсіндірілген саялы ағаш (үйеңкі, шаған, қаратал, айлант, катальпа, сырталы, терек, жиде, легиструм) және сексеуіл көшеттері өсірілуде.


Жыл басынан бері бүгінгі күнге дейін орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбағында өсірілген терек, қаратал, үйеңкі, айлант, катальпа секілді облыс бойынша 28 мыңнан астам ағаш көшеттері таратылып, егілді.


Бұдан бөлек, Қызылорда-Жезқазған бағытындағы автожолының бойында 3000 га алаңда жасыл аймақ құру жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда бұл жұмыс толығымен аяқталды.


Елімізде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы басталды. Экологиялық шара әр апта сайын белгілі бір тақырып аясында өтеді. Мәселен, бірінші апта «Таза өлке» деп аталады. Тұрғындар, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындар үйлері мен ғимарат аумақтарында тазалық жүргізеді. «Киелі мекен» деп аталатын екінші апта тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыруға арналады. Ал үшінші аптада көшеттер отырғызылып, ағаштардың түбі әктеледі. «Өнегелі ұрпақ» дейтін төртінші аптада ардагерлер сарайы мен қарттар үйлерінің аумақтарын тазарту көзделген. Соңғы бесінші аптада өзен-бұлақтардың арнасы қоқыстан тазартылады.

Сәуірдің 13-іне дейін өтетін алғашқы апталықтың атауы - «Таза өлке».


Апталық барысында елді мекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, мекеме, кәсіпорын қызметкерлері іргелес аумақтар мен аулаларды тазартады.


20 сәуірге дейінгі апталық «Киелі мекен» деп аталады. Бұл апта тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстарына арналады.


Сәуір айының 27-сіне дейін «Жасыл аймақ» тақырыбымен өтетін апталық ағаш көшеттерін отырғызу, көшеттерді әктеумен ерекшеленеді.


4 мамырға дейінгі кезең «Өнегелі ұрпақ» деп аталып, ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумақтарын тазалауға және абаттандыруға арналады.


«Мөлдір бұлақ» деп аталатын соңғы, бесінші аптада су қоймаларының айналасы, өзен-көлдер қоқыстан тазартылады.


Акцияға еліміздің барлық өңірлері қатысып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде қайырымдылық және мәдени іс-шаралар өтеді.