Қызылордада құрылыс жұмысы қарқынды
Қазір Қызылорда қаласы қарқынды құрылыс алаңына айналғаны баршаға белгілі. Шырайлы шаһардың жаңа бейнесін қалыптастырып, сәулеттік келбетін тартымды әрі заманауи ету жолында ауқымды жобалар жүзеге асуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Облыс әкімінің қолдауымен дарияның сол жағалауында жаңа қаланың құрылысы жанданып, әлеуметтік нысандармен қоса барлық инфрақұрылымды дамыту шаралары күн санап күш алып келеді.
Оның дәлелі, қаланың теміржол қақпасы – 1905 жылы салынған вокзал ғимараты қайта жаңғыртудан өтіп, аумағы абаттандырылды. Жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасауға барынша мән берілді. Сол секілді әуе қақпасы – Қорқыт ата атындағы халықаралық әуежайының заманауи үлгідегі жаңа терминалы да аяқталуға жақын. Бүгінде әуежай және оған іргелес аумақ толықтай абаттандылуда.
Өздеріңізге аян, қала тұрғындары мен жастардың талап-тілектері ескеріліп, Орталық алаңға едәуір өзгерістер енді. Ерекше архитектуралық формалар мен тұрғындарға арналған демалатын орындар қарастырылды. Нысан жақында ел игілігіне беріледі.
Қаланың көпқабатты тұрғын үйлері мен әлеуметтік нысандардың қасбеттерін әрлеу жұмыстары да қарқын алды. Оның сәулеттік біркелкі үлгісі жолға қойылып келеді. Осынша құлашы кең құрылыстардың барлығы да демеушілік есебінен жасалуда. Бұған сүйсінбеске болмайды.
Бүгін қала әкімінің міндетін атқарушы Ғалымжан Еркебайдың қаладағы құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты.
Алдымен Ғалымжан Бақтығалиұлы Қ. Яссауи көшесінің 4 жолақтыға кеңейтіліп жатқан жұмыстарын көрді, мамандармен пікірлесті. Ол сапаға баса мән беріп, мердігер мекеме басшылығына құрылыстың мерзімінде аяқталуын ескертті.
Ғалымжан Бақтығалиұлы мұнан кейін Пушкин көшесіндегі орташа жол жөндеу жұмыстарымен танысып, мердігер компанияға шаруаны мерзімінен кешіктірмей аяқтауды тапсырды. Қазір мұнда жұмысшылар екі ауысыммен жұмыс жасауда.
Биыл қала, оған қарасты кент және ауылдық округтердегі 95 көшеге орташа жол жөндеу, қайта жаңғырту, жол және көпір құрылыстарын салу жұмыстары жүргізілуде. Оған бюджеттің барлық көздерінен және «Ауыл- ел бесігі» бағдарламасымен 25,2 млрд. теңге бөлінді. Ал, қалада жалпы ұзындығы 73,3 шақырымды құрайтын 57 көше қайта жаңғырту, орташа жол жөндеуден өтеді.
Ауқымды жұмыстардың бірі – әуежайға баратын 4 жолақты, ұзындығы 480 метрді құрайтын, әр жолақтың ені 3,5 метр болатын жол құрылысы басталды. Бұл жоба көлік кептелісін азайтып, көлік тізгіндегендер мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға зор ықпалын тигізбек. Қазір саябақтың қоршаулары алынып, жол салуға дайындық жүргізілуде. Ескеретін жайт, жолды кеңейту ісінде көше бойындағы талдарға зиян келтірілмейді. Ғалымжан Бақтығалиұлы жауапты сала басшысына жұмыстың сапасын тұрақты қадағалауды тапсырды.