Жаңақорғанда байыпты бастамалар басым
Өткен жылы Жаңақорған өңірінің барлық саласында өсім байқалып, әлеуметтік экономикалық даму көрсеткіші көңіл қуантты. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі өндірісі керемет нәтижемен түйінделді. Инвестиция саласында да жаңа жобалар, байыпты бастамалар бар, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен депутаттар және басқарма басшылары, аудандар активінің қатысуымен сессия өткен болатын. Күн тәртібінде 11 мәселе қаралып, депутаттар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер жан-жақты талқыланды Облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамовтың модераторлығымен өткен сессияда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев хабарлама жасады.
Өткен жылдың қорытындысымен жергілікті бюджет жоспары артығымен орындалған. Осындай оңды жағдай облыстық бюджет жоспарында да бар. Аймақтың салықтық әлеуетіне жүргізілген талдау бойынша жергілікті бюджет түсімінің негізгі үлесі ірі кәсіпорындар мен бюджеттік мекемелерге тиесілі екенін де атап өтті. Оның басым көпшілігі – әлеуметтік, жеке табыс, мүлік салығы. Барлық деңгейдегі әкімдерге, жергілікті атқарушы, кірістер, полиция органдарына салық базасын ұлғайту бойынша нақты міндеттер жүктелді. Бүгін сіздердің назарларыңызға 2024 жылға арналған облыстық бюджет кезекті нақтылауға ұсынылуда. Облыс үшін маңызды саналатын бірінші кезектегі мәселелерді қаржыландыруға назар аударылуда – деді Нұрлыбек Машбекұлы. Осы тұста, Жаңақорған ауданының жергілікті бюджетінің өз кірістері бойынша тоқтала кетсек. 2023 жылы нақтыланған жоспар – 4 109 287 теңге болса, түсім – 4 884 032 теңге болып, 117 пайызға орындаған екенбіз. Бұл салыстырмалы түрде айтқанда, аудандар арасында көш бастадық деген сөз. Баяндамасында аймақ басшысы медицина саласына да ерекше тоқталды. Бірінші кезекте автокөлік мәселесі сөз болды. Тұрғындардың сұранысына сәйкес былтыр облыстық бюджеттен денсаулық сақтау ұйымдарына 25 санитарлық автокөлік сатып алынса, олардың жалпы құны – 512,5 млн теңге.
Дегенмен, медициналық ұйымдардағы көліктердің 68,4 пайызының тозығы жеткен. Сондықтан жаңа санитарлық автокөліктермен қамтамасыз етуге мән берілді. Автокөлік паркін жаңарту үшін 200 санитарлық автокөлікті лизинг арқылы сатып алудың бастапқы жұмысына 100 млн теңге бағытталғаны қуантты.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төралиев өткен жылғы атқарылған жұмыстар мен алдағы жобалар жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, былтыр құрылыс жұмыстарының көлемі 183,4 млрд теңгеге жетті, алдыңғы жылмен салыстырғанда 140,4 пайызды құрады. Былтыр білім саласында құрылысы жүргізілген 36 нысанның 8-і ел игілігіне айналды. Облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектеп салу жоспарланып отыр. Олардың жалпы құны – 98 млрд теңге. Қазір 10 білім ошағының құрылысы басталды. Елімізде жүзеге асып жатқан
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде 27 медициналық нысан салынады. Былтыр 16 емдеу орны елдің игілігіне айналып үлгерсе, қалғаны биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Мәдениет саласы бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылды. Қазірге дейін «Отбасы орталығы», «Өнер орталығы», 4 ауылдық клуб пайдалануға берілді. Облыстың барлық ауданында «Руханият орталығы» бой көтереді. Онда музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері, тарихи-мәдени, рухани ұйымдар орналасады. Сессия барысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбәраков, облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев, облыстық мәслихат депутаты Балжан Шәменова, облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов баяндама жасады. Депутаттар тарапынан көтерілген мәселелер мен қойылған сауалдарға нақты жауап беріліп, сессия қорытындыланды.
Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Оның ішінде, газ, су, жол және жарық мәселесі бірінші кезекте тұрады. Осыған байланысты биыл атқарылып жатқан және алдағы меже өте ауқымды. Жарты жылдың қорытындысымен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы,жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Сапарбаевпен сұхбаттасып, нақты істерді ілмекке ілдік.
Алдымен электр жарығынан бастайық. Жалпы Жаңақорған ауданының электржелілік жүйесінің тозу көрсеткіші 75 пайыздан асқаны әмбеге аян. Салдарынан, ауа-райының қар, жауын, жел және дауылды күндері жүйеде авариялық жағдайлар орын алып, тұрғындар күні бойы жарықсыз отырады. Күрделенген мәселені шешу мақсатында «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» акционерлік қоғамы әзірлеген, құны 3,4 млрд теңгені құрайтын «Жаңақорған кентіндегі 10/0,4 кВ электржелілік жүйені жаңғырту» жобасы қолға алынып, құрылысы былтыр басталған еді.
Бұдан бөлек, 2022 жылы Сүттіқұдық ауылдық округіндегі егін шаруашылығын жандандыру мақсатында құны 345 млн теңгені құрайтын 1 МИЖ іске асырылып, жыл соңында нысан пайдалануға берілген. Жоба бойынша 13 шақырым әуе желісі жүргізіліп, 8 дана трансформаторлық станциялар орнатылған. 11 дана 50 метр тереңдікке дейінгі ұңғымалар қазылған. Қазіргі уақытта 40 гектар жер игеріліп, тұрғындар егіннен нәпақасын тауып отыр. Былтыр «Қожамберді-Бірлестік» ауыл шаруашылығы кооперативін электр жабдықтау бойынша құны 135 млн теңгені құрайтын 1 МИЖ іске асырған. Қазір құрылыс жұмысы аяқталып, электржелілік жүйеге қосу жұмыстары жүргізілуде.
– Газдандыру бойынша тоқталсаңыз.
– Ауданның қазіргі таңда газдандыру үлесі халық санына шаққанда 42 пайызды, елді мекендер бойынша 8,5 пайызды құрайды. 2022 жылы өтпелі кезеңімен тиісті бюджеттен 791 млн теңге қаржыға Бірлік және Қыраш ауылына газ келді. Биыл перспективалық газ құбырларынан босатылатын Төменарық, Жайылма, Шалхия, Құттықожа, Кейденге газ құбыры мен ауылішілік газ желісін тарту үшін республикалық бюджеттен 2,4 млрд теңге және облыстық бюджеттен 390 млн теңге қаралды. Жаңақорған ауданы Төменарық елді мекенінің газдандыру жобасының құрылыс-монтаждау жұмыстары өтпелі кезеңмен 2023-2024 жылдарға жоспарлануда. Жобаның аяқтауға 2024 жылға қосымша республикалық бюджеттен 1 млрд жоспарланды. Сондай-ақ, Төменарық елді мекенінің газдандыру жобасы іске асқан жағдайда Сунақата, Еңбек, Екпінді, Қожамберді, Сүттіқұдық ауылдарын газбен қамтамасыз ету мүмкіншілігі артатын болады.
– Сыр беткейдегі қалған ауылдардың ахуалы қалай болмақ?
– Жаңақорған ауданының газдандыру бойынша ең маңызды мәселесі ауданның оңтүстігі мен сыр беткейіндегі 14 елді мекенді газдандыру. Ол үшін «Бесарық АГТС» жобасының жоба-сметалық құжаттамасын қайта әзірлеу. Қайта әзірлеу құны 60 млн теңгеден асады. Автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысына 3 млрд теңге қажет. «Бесарық АГТС» жобасының құрылысы оң шешімін тапқан жағдайда 19 444 халқы табиғи газды пайдаланатын болады. Сонымен қатар, қазіргі жағдайдағы «Жаңақорған АГТС» газ тарату станциясының қуаттылығы жоспарланған перспективалық газ құбырынан алатын 8 елді мекенге жетпейді, кентпен іргелес жатқан орта және ірі өндірістік кәсіпорындар үшін қолжетімсіз.
Осыған байланысты, «ШалкияЦинк ЛТД» АҚ арқылы құны 2,3 млрд теңгені құрайтын «Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы қолданыстағы «Жаңақорған АГТС-ті жобалау қуаты 20 000 нм3/сағаттан 40 000 нм3/сағатқа дейін кеңейту» жобасы әзірленді. Жобаны республикалық бюджеттен қаржыландыру қажет.
Шыны керек, Жаңақорған кентіне газ отыны келгелі бері кенттің аумағы кеңейіп мөлтек аудандарындағы тұрғын үйлер күннен күнге бой көтеруде. 1000-1200 жуық жер учаскесіне 1 дана ғана ШРП орнатылған. Күзгі-қысқы мезгілінде тұрғындардан газ қысымының жетіспейтіндігі жөнінде арыз-шағымдар жиі тіркелуде екенін алға тартты. Сондықтан қосымша газ реттеуіш пунктерін орнату үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Жоба бойынша газдандырылатын 4 мөлтек ауданының газ құбырының ұзындығы 26,7 шықырым. Оған 6 дана ШРП орнатылады. Жоба іске асқан уақытта Жаңақорған кентінің Саяжай, МАИ бекеті, Ипподромнан 5120-ға жуық халқы газ пайдаланатын болады. Жобаны іске асыру үшін 709 млн теңге қаржы қажет етіледі. Жобаның құрылыс монтаждау жұмыстарын бастап, жүргізу үшін облыстық бюджеттен 20 млн теңге қаржы қаралған болатын.
«Жаңақорған ауданында бройлер өсіру бойынша құс фабрикасын газбен жабдықтаудың сыртқы желілерін салу» жобасын қаржыландыруға облыстық бюджеттен 27,5 млн теңге қаржы қаралған болатын. Бүгінде мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 275 502,0 мың теңге.
Жолаушылар тұрақты тасымалдау қызметі бойынша 12 бағыттағы қоғамдық көлік қатынасы қалыптасқан, оның ішінде ауданішілік елді-мекендер бойынша 9 және кентішілік 3 бағыттағы әлеуметтік маңызы бар маршруттың тізбесі болып табылады. 2022 жылы кентішілік жолаушылар тасымалдау қызметін жүзеге асыруға конкурстар өткізіліп ДК «Ес-ХАН и К» тасымалдаушы жеңімапаз болып қызмет көрсетуде. Қазіргі таңда негізгі 3 кентішілік бағыттарында тасымалдауды жүзеге асыруда. Сонымен қатар кентішілік маршруттардан №4 қосымша жаңа бағытты ашу, ұйымдастыру бойынша ұсыныстар келіп түсуде және маршруттардың жүру бағыты мен орналасу сызбалары зерделеніп конкурсқа шығару жоспарлануда.
32 елді мекен орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген және 3 елді мекен (Кеңес, Қосүйенкі, Құттықожа) ұңғымадан ауыз су пайдалануда. Жаңақорған ауданында суды жинау, өңдеу және бөлу бойынша қызметті көрсететін 2 кәсіпорын бар, оның екеуіде мемлекеттік меншікте. Аудан бойынша су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 631 шақырымды құрайды. 2020-2022 жылдар кезеңінде сумен жабдықтау жүйелерін дамыту жөніндегі жобаларды іске асыруға байланысты инвестициялар 1,4 млрд теңгені құрады. Мемлекеттік инвестициялар шеңберінде осы кезеңде 5 жоба іске асырылған.
– «Сунақата ауылдық округі Еңбек елді мекенін сумен жабдықтау» жұмыстары аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі КММ-не қабылдау актісімен есепке алынды. Қазіргі таңда Еңбек елді мекенін сумен жабдықтау жұмыстары қабылдау актіні тіркеу және техникалық паспорт алу процестері жүріп жатыр. Сол секілді Екпінді, Сунақата ауылына ауыз су жүйесін жаңғырту жұмыстары да қабылдау актісімен есепке алынып, сумен жабдықтау жұмыстары қабылдау актіні тіркеу және техникалық паспорт алу процестері жүріп жатыр. Төменарық ауылына ауыз су жүйесін жаңғырту жұмыстары жер құжаттарына шешім шығарып гос акт алу, қабылдау актіні тіркеу және техникалық паспорт алу процестері жүргізілуде. 2020-2022 жылдары өтпелі кезеңмен «Жаңақорған кентінің тұрғын үйлеріне су құбырын жеткізу сервистік желісін салу» құрылысы жобасы іске асырылды.
Құрылыс-монтаж жұмыстарының бас мердігер мекемесі – «Коорпорация Әлем Құрылыс» ЖШС-мен жасалған келісім-шартқа сәйкес кент орталығындағы тұрғын үйлерге су құбырын жеткізіп, көру құдығын салып,су есептегіш құрылғыларын орнату міндеттелген. Алайда, мердігер мекеменің дәрменсіздігінен 2022 жылы жоба-сметалық құжаттамаға сәйкес жұмыстар толық орындалмады. Сол себепті Қызылорда облысының мамандырылған ауданаралық экономикалық сотына мердігер мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тануды және мердігерден тұрақсыздық айыбының сомасын өндіруді, қалған жұмыстарды мәжбүрлеп орындату туралы талап арыз жолданды. 2023 жылдың 16 наурызында сот отырысы болып, талап-арыз толық қаңағаттандырылды.
Иә, жобаларды іске асыру есебінен ауданда, жалпы таза ауыз суға қолжетімділік 2023 жылға қарай 22 %-ға өсті, желілердегі авариялар саны 31 %-ға төмендеген. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, қазіргі коммуналдық инфрақұрылымның жай-күйі мәселелері ерекше бақылауды талап етеді. Инвестициялар коммуналдық секторға тозу деңгейі жоғары құбырларды елеулі көлемде ауыстыруға мүмкіндік бермейді. Нәтижесінде аудан бойынша сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға құны 1,7 млрд теңгені құрайтын 4 жоба әзірленіп, бюджеттік өтінімдер ұсынылды. Қазіргі таңда 3 жоба қаржысына қолдау тапқан.
– Жаңақорған ауданы аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 451 шақырым болса, 26 кент және ауылдық округтің 519 көшесі 590 шақырымды құрайды. Аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының 2022 жылдың қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 95,3%-дан, 95,8 %-ға жетті. Елді мекен көшелерінің жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 43,9%-дан 49,6%-ға жоғарылады. 2023 жылға республикалық, облыстық және аудандық бюджеттен елді мекен көшелерін жөндеуге 944 290,0 мың теңге қаралды.
– Жіктеп талдап берсеңіз.
– «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы бойынша 7 елді мекеннің жалпы ұзындығы 20,4 шақырым құрайтын 25 көшесін орташа жөндеуге 489 497,0 мың теңге қаралды (Қыркеңсе 2 көше, М.Нәлібаев 1 көше, Келінтөбе 6 көше, Сүттіқұдық 1 көше, Сунақата 1 көше, Аққорған 2 көше, Жаңақорған кенті 12 көше). Қазіргі уақытта Жаңақорған кентінің Хорасан ата көшесінің қиылыстары, Қ.Наурызбаев, Даруіш, Даруіш 3, Билалов, Қайнекеев, Абдреймов, Базар маңындағы көшелер аяқталып, пайдалануға берілді. Облыстық бюджеттен 2 елді мекеннің 9,5 шақырым құрайтын 6 көшесін орташа жөндеуге 280 948,0 мың теңге қаралған (Жаңақорған кентінің М.Абдуллаев пен Тәуелсіздік көшесінің аралғындағы айналма жол және МАИ бекеті ықшам ауданының көше қиылыстары, Байкенже ауылының А.Мустиярұлы, А.Дүйсенұлы, А.Еламанов, Байдалиев-Жарылғапов қиылысы). Қазіргі уақытта барлық көшенің мердігерлері анықталып, жұмыстар жүргізілуде.
Ал, аудандық бюджеттен 5 елді мекеннің 8 шақырым құрайтын 6 көшесін орташа жөндеуге 173 845,0 мың теңге қаралған. Олар: Қандөз ауылына кіре беріс көше, Қожакент ауылының А.Құнанбаев көшесі, Талап бекетінің Ж.Сейдалиев көшесі, Жаңарық ауылының Ә.Тәжібаев, Өзгент ауылының Б.Төлегенов және К.Сейтмуратов көшелерін орташа жөндеу жұмыстары. Қазіргі уақытта 5 көшенің мердігері анықталды. 2023 жылдың қорытындысымен елді мекен көшелерінің жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 49,6%-дан 55,9%-ға жоғарылайтын болады. 2024 жылға қаржыландыру үшін Жаңақорған кентінің 19,4 шақырым құрайтын 9 көшесін күрделі жөндеуге 1 803 244,7 мың теңгеге облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылыпты. Сондай-ақ, аудандық маңызы бар «Әбдіғаппар-Төлегетай-Хорасан ата» және «Самара-Шымкент-Екпінді» автомобиль жолдарын орташа жөндеуге ЖСҚ әзірленуде.
Міне, аудандағы инфрақұрылымның бүгінгі ахуалы, ең бастысы, өркендеу мен өрлеу бар, даму жолындағы жүйелі жұмыстардың жемісі.